Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Көзі шығып кеткен, жарты басы жоқ": Алматыдағы автобус апатынан көз жұмған марқұмның туыстары жанайқайын жеткізді

"Көзі шығып кеткен, жарты басы жоқ": Алматыдағы автобус апатынан көз жұмған марқұмның туыстары жанайқайын жеткізді
Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасына ешкім қол ұшын созбаған

Марқұмның отбасының сөзінше, автобус паркінен бірде бір адам көңілін сұрап келмеген, деп хабарлайды KYN.KZ.

Үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді.Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүріпті. Оқиға болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап бой жазбақ болған екен. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.

"Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған", - дейді марқұмның әкесі Қыдырғали Әлменбаев. 

Қайғыдан қан жұтқан отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты.  

"Сараптама басы жарылған деді. Білмеймін, айта алмаймын, анау адамның маған түрі таныс емес. Қолын ашып берді, аяғын ашып көрсетті. Сол екеніне көзім жетті. Әлі де сенбейміз, шын айтқанда. Ипотекамызды да төлеп отырған. Бағып-қағып отырған. Екеуі де кінәлі болып отыр. Мен айта алмаймын, бір адам кінәлі деп", - дейді марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова.

Марқұмның артында үш қызы қалды. Екеуі де кәмелетке толмапты. Ең үлкені 19, екіншісі 12, үшіншісі небәрі төрт жаста. Әсіресе, кішкентайы жатса да, тұрса да әкесін іздейді екен. Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Олар әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Сонымен қатар, автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы автобус апатынан үш адам мерт болғаны хабарланған еді. Кейін қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталғаны белгілі болды. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Ұқсас жаңалықтар