Қаңтар шындығы, елде қос билік орнату әрекеті, Назарбаев, АЭС: Тоқаев көлемді сұқбат берді
- kyn.kz
- 3 қаңтар, 2024
- 1.3k
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, әлеуметтік-экономикалық даму, Қаңтар оқиғасы, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы және тағы басқа өзекті тақырыптар жайлы Egemen Qazaqstan басылымына көлемді сұқбат берді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.