Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысында әйел 2 баласының көзінше күйеуін өлтіріп, денесін балталап суға ағызып жіберген

Түркістан облысында  әйел 2 баласының көзінше күйеуін өлтіріп, денесін балталап  суға ағызып жіберген
ашық дереккөзі
13 және 12 жастағы балалар бүгін сотта отбасындағы жағдайды айтып, жиналғандардың бәрін жылатты

Түркістанда жан түршігерлік қылмыс бойынша сот процесі өтіп жатыр. 34 жастағы әйел ұзақ жыл отасқан күйеуін пышақтап өлтірген, ең ауыры – оқиғаға екі баласы куә болған. Артынан әйел күйеуінің денесін балталап, өзенге ағызып жіберген. Қазір ол қамауда отыр. Балалар нағашысының қолында. Сот процесіне 13 және 12 жастағы балаларды куәлік беруге шақырды. Балалар еңірегенде сотқа қатысып отырғандар қоса жылады, деп жазды KYN.KZ  тілшісі Азаттық сайтына сілтеме жасап.

– Қиналып кеттім. Әйел адамға түрмеде жатқан қаншалық қиын екенін білесіз бе? – деді ентіккен айыпталушы әкесіне. – Қанша рет айттым. Күйеуімнің ит мінезін бәрі білетін. Ажыратпады. 14 жыл бойы ұрып-соқты. Сау жерім жоқ. 14 жыл күйеуімнен зорлық-зомбылық көрдім, қорғайтын, араша түсетін ешкім болмады. Енді түрменің қорлығына шыдауым керек пе? Папа-ау, түрмеден тірі шықпаймын. Онда қандай қиындық көріп жүргенімді білмейсіз ғой! – шарасыз күйдегі әкесі "қой енді, қой" деді дауысы дірілдеп.

Айыпталушы – 34 жастағы Жұлдыз Адамбаева (балалардың мүддесін ескере отырып, кейіпкерлердің нақты аты-жөнін көрсетпеуді жөн деп таптық) "Адам өлтіру" және "Алаяқтық" бабымен жауапқа тартылып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша оған өз үйінде заңды некедегі күйеуін асқан қатігездікпен өлтірді, оның көлігін алаяқтықпен сатты деген айып тағылған. Әйел сотта 14 жыл ерлі-зайыпты болып бірген тұрғанда күйеуінен үнемі зорлық-зомбылық көргенін, жұбайын кезекті ұрыс-керіс кезінде абайсызда өлтіріп алғанын, қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның денесін бөлшектеп, өзенге ағызып жібергенін айтып, тағылған айыпты ішінара мойындады.

Жұлдыз – бір үйдің жалғыз қызы. Әкесінің құлағы естімейді, ал анасының қос жанары мүлде көрмейді. Жұлдыз бен Бағлан 2009 жылы отбасын құрған. Екеуінің үш баласы бар. Үлкен ұлы – 13, ортаншысы – 12, кенже қызы 10 жаста.

Жұлдыз сот залына кіргеннен көз жасын тыя алмады, ауа жетпей тұншықты. Әке-шешесі сабырға шақырып, жұбатуға тырысқанымен жанына жұбаныш таба алмады. Тынысы тарылған әйел қайта-қайта жүрегін ұстап, басын шайқай берді.

– Кешірім беруге болатын еді ғой. Мінезін білетін едіңіздер ғой, – деді жәбірленуші деп танылған марқұмның ағасына бұрылып.

Жәбірленуші:

– Шырағым, сен өзіңе өзің істедің. Енді заң алдында жауап бересің, – деді.

– Балаларымның обалына қаласыздар, – дей бергенде айдауыл тәртіп сақтауды бұйырды.

Сот бөлмесінде бір сәт үнсіздік орнады. Өлі тыныштықты Жұлдыздың ауыр тыныс алып, күрсінген үні бұзды. Қызының қиналғанына шыдай алмаған анасы отырған орнында "қорлық қой бұл, қорлық" деп ышқына жылады.

"БАСЫЛАТЫН ШЫҒАР ДЕП БАЛАЛАРЫМ ҮШІН ШЫДАП КЕЛДІМ"

Оқиға 2023 жылғы 10 тамызда түнде Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы (Азаттық ауылдың атын атамауды дұрыс деп тапты) осы отбасына тиесілі үйдің ас ішетін бөлмесінде болған. Прокурордың тұжырымы бойынша, әйелінің видеоға түсіп, TikTok әлеуметтік желісінде жариялағанын естіген Бағлан оған ұрсып, жанжал туған. Қақтығыс кезінде әйелі қарбыз кесіп жеп отырған пышақты күйеуінің мойнына сұғып алған, басынан таспен ұрған.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Жұлдыз күйеуінің мәйітін үйінде жасырған үш күннің ішінде алаяқтық жолмен оның көлігін де сатып жіберген.

Айыпталушы болса прокурордың тұжырымымен келіспейді. Өзіне күйеуі әлеуметтік желіге кіруге, қандай да бір видео жариялауға тыйым салып, құқығын шектегенін, айтқанын тыңдамағаны үшін әуелі ұрып-соққанын айтты. Оның сөзінше, сол түні күйеуі әйеліне өз-өзіне пышақ сұғып өлтіруді бұйырған. Пышақты қолына ұстатып, оны мойнына тақап, жанында отырған.

– Өзім қасақана пышақ сұққан жоқпын. Екеуміз қарбыз жеп отырдық. Күйеуіме біреу хабарласты. "Әйелің қайтадан TikTok-қа түсіп жүр" деді. Соны естіген соң жұдырығымен бірнеше рет басымнан ұрды. "Үш дегенімде пышақты ал да өзіңе тық" деді. Оң жағыма отырып алды. "Қойшы, қазір пышақ біреуімізге кіріп кетеді" дедім. "Пышақтың сабымен басына салып қалсам талып қалады" деп ойладым. Өзімді қорғамақ болдым. "Бір, екі" деп санай бастады. "Үш" деп қатты айтқан кезде орнымнан атып тұрдым. Сол кезде қолымдағы пышақтың ұшы оның мойнына кіріп кетті. Қан қарбыздың үстіне атылды. Қорқып кеттім. Артқа қарай шегінді де талып қалды. Оны өлтіру ойымда болған жоқ, – деді Жұлдыз жылап. – Оны қандай жақсы көретін едім, бәрі білетін. 14 жылдан бері қорлап келді. Талай таяқ жедім, басым жарылды. Басылатын шығар деп балаларым үшін шыдап келдім...

Әйелдің айтуынша, талып жатқан күйеуін көргенде жан дауысы шыққан. Оны естіген балалары асүйге жүгіріп келген. Олар да қансырап жатқан әкесін көрген.

Адамбекова "айыптау актісінде айтылғандай қасақана емес, абайсызда өлтіріп алдым" дейді.

"ТҰҢҒЫШЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДҰРЫС СӨЙЛЕЙ АЛМАЙДЫ"

Ауыр трагедияның ең қорғансыз куәгерлері – балалар. Сол бір қасіретті түннен бастап олардың өмірі күрт өзгерген. Қазір Жұлдыз бен Бағланның кәмелет жасына толмаған үш баласы әр сот отырысына келеді, бірақ ішке кірмей сыртта отырады. Қолына кісен салынған анасының дидарын сот ғимаратына кіріп-шыққан кезде бір сәт көреді.

Судья прокурордың балалардан куә ретінде жауап алу туралы өтінішіне қарсылық білдіргенімен, ата-анасының арасындағы қарым-қатынасты жақсы білетінін ескеріп олардың сот залына кіруге рұқсат етті.

Әуелі Жұлдыздың 13 жасар тұңғышынан жауап алынды. Ол сот залына кіргеннен қоршаудың ішінде отырған анасына қарады. Анасы дауыстап жылай бастағанда судья оны тыйып тастады.

Баланың сөз бастауы қиын болды. Судья одан көрген-білгенін айтып беруді сұрады.

– Інім екеуміз сыртта болдық. Бір уақытта асүйден анамның жан дауысы шықты. Кірсек, анам қан-қан әкемді құшақтап жылап тұр. Біз анамды құшақтап жыладық, – деді бала өз деміне өзі тұншығып жылап. Судья баланы жұбатып, ата-анасының қарым-қатынасы туралы сұрай бастады. Бала көз жасын тыя алмады. Судья сұрақ-жауапты тоқтатпақ болғанда: "Әкем анамды ұратын" деді.

Сот залынан ағасының жылап шыққанын көрген інісі ішке кіргенде көз жасын тоқтата алмады. Судья балалардың күйзелісін көріп, олардан жауап алуды доғарды.

Жұлдыздың үш баласы қазір оның ата-анасының қолында. Үш баланы әкесіне сенімхат жазып тапсырған. Үшеуі де мектепте оқиды. Атасының айтуынша, оларға мектептен және ауданнан психологтар келіп жұмыс істеген. Бірақ әсіресе оқиғаға куә болған екі ұлдың психологиялық жағдайы ауыр көрінеді.

– Бұл оқиға балаларына ауыр тиді. Алғашында екі баласы тілден қалды. Тамақ іше алмай қиналды. Тұңғышы әлі күнге дұрыс сөйлей алмайды. Екінші ұлы ұйқыдан шошып оянады. Екеуі де түнде жалғыз сыртқа шыға алмай қалды, – дейді балалардың нағашы атасы.

Оның айтуынша, мектептегі қатарластары бұл шаңырақтағы оқиғадан хабардар, сондықтан олар қыркүйекте сабаққа барғанда буллингке көп ұшырап, сыныптастарынан қашып, араласпай жүрген. Ондай кезде мектеп мұғалімдері, психологы көмектескен.

– Қазір балалар есін жинады, мектепке барып жүр. Бірақ, әсіресе екінші ұлы анасын сағынып ішқұса болып жүр. Жиі күрсінеді, жылайды. Жұбатамыз, – дейді Жұлдыздың анасы.

Атасының сөзінше, тергеу басталғаннан үш бала іс бойынша куә ретінде тіркелген. Тізімде болған соң сотта да куә ретінде жауап алынып жатыр. Оған Жұлдыз да, қорғаушы ретінде өзі де қарсылық танытпаған.

Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот тергеуінде балалардан жауап алу тәртібі Қылмыстық-процестік кодекстің 209-бабына ("Жауап алу орны, уақыты мен ұзақтығы") сай жүреді. Онда кәмелетке толмаған баладан жауап алу күндіз, үзіліссіз 2 сағат, күніне 4 сағаттан артық жүргізілмейтіні жазылған. Бала қажыса жауап алу тоқтатылады.

"Балалардың жанында арнайы психолог пен адвокат болған" деп жауап берді баспасөз қызметі.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар