Ақтөбе облысында ақтүтек бораннан бірнеше елді мекен әлі жарықсыз отыр
- автор kyn.kz
- 9 ақпан, 2024
- 8.3k
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өңірдегі жағдай туралы бейнежазба жариялады, деп жазады KYN.KZ әкімдікке сілтеме жасап.
«Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды»,
- деген Асхат Шахаров өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталған, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек еткен.
«Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол - 2700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі»,
- деп атап өтті облыс әкімі.
Ал сумен қамту бойынша «Төменгі Қарғалы» және «Тамды» бастоғандары, сондай-ақ қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.
Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны орын алған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырған.
«Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық», - деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.