"Жұмыс істемесең, бауырларыңды көрмейсің": 5 жыл құлдықта мал баққан балалар туралы жаңа деректер шықты
- автор kyn.kz
- 19 ақпан, 2024
- 2.3k
Ағайынды балаларды асырап алған ерлі-зайыптылар жеткіншектерді қаладан 20 шақырым жердегі өз фермаларында қамап ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген, деп хабарлайды KYN.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Ұлытау облысында балаларды 5 жыл құлдықта ұстаған өгей ана қамауға алынды. Күдікті ағайынды 3 баланы 2018 жылы асырап алған. Қамқорлық көрсетудің орнына қара жұмысқа жегіп, қоғамнан алыс ұстапты. Ауырып жатыр деп сабаққа да жібермеген. Аш құрсақ балалардың құр сүлдері ғана қалған.
Балалардың біреуі - қыз, екеуі - ұл бала. 5 жыл бұрын балалар үйінен патронат отбасының асырауына берілген. Ол кезде үлкені 14-те, кішісі 8 жаста болған. 2 табын жылқы мен 18 сиырды баққан балалар адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген.
Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Фермаға барып, комиссия мүшелері балалардың өмір сүру жағдайларын көріп, шошыды. Денелері көгерген, әрі тыртыққа толы, жүп-жүдеу, шаршаған, аш, көздерінде жалын жоқ, кір-қожалақ, киімдері жыртық. Қамқоршы балаларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсап, 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген.
19 жастағы қыз колледж бітірген. Бірақ іс жүзінде сабаққа бармаған, - дейді амбудсмен. Ортаншы ұлды да оқуға жібермей, тек ауырғаны туралы анықтама ұсынып отырған.
Ерболат САТЫБАЛДИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Олар әлеуметтен шеттетілген. Оқуға бармаған. Және оларға байланысты құқықтары тапталған. Осы жөнінде біз Бас Прокуратура бала құқықтарын дереу қалпына келтіре отырып, асырап алған ата-анасы балаға қатысты қылмыс жасағаны үшін, және әлеуметтік осал саналатын бұл балалардың жайын біліп, бақылау жасау органдарының қызметкерлері әрекетсіздігі, балаға жалған медициналық құжат дайындап, қабылдаған медициналық және оқу орындары басшылары жауапкершілікке тартылуы қажет деп есептейміз.
Өгей ата-ана қыз баланы «жұмыс істемесең, бауырларыңды көрмейсің» деп қорқытқан. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сараптама жүргізілуде. Балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Сафура ТӨЛЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Әкімдік тарапынан диплом алған кәмелетке толған баланы жұмысқа орналастыру мәселесі мен осы балалардың алдағы уақыттағы тұрғын үй мәселесі айналысып жатырмыз. Үшеуі де заңды түрде үй кезегінде тұр екен. Енді ол кезегі жеткенге дейін бұл мәселені шешудің қандай да бір басқа жолдарын қарастырып жатырмыз.
Бұл отбасы жақында патронатқа тағы бала алғысы келген. Тиісті мекемелерден басқа да балалар бар ма деп сұрастырған.