2019 жылы кредиттік амнистияға іліккен азаматтар қайтадан қарызға батып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі хабарлайды.
«2019 жылы кредиттік амнистияға қатысқан заемщілерге қатысты ахуалға сараптама жасадық. Өкінішке қарай, олар қайтадан қарызға батып отыр. Тіпті кейбірінің кредитінде проблема бар. Сондықтан да бұл ең алдымен азаматтардың төлем қабілетін дұрыс бағалау мәселесіне қатысты», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Сондай-ақ агенттік төрағасы алдағы уақытта қаржылық ұйымдар алдында қарызға батқан азаматтарға тағы да кредиттік амнистия берілмейтінін хабарлады, деп жазды inform.kz.
Айта кетейік, Қазақстанда 2019 жылы мұндай іс-шара қолданылды. Халықтың аз қамтылған санаттарының қарыздары кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың шамамен 115 млрд теңге қарызы есептен шығарылды. Сонымен қатар 1,2 млн азаматтың шамамен 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлы өтелді.