Тоқаев жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен туыстарына көңіл айтты
- автор kyn.kz
- 12 наурыз, 2024
- 612
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, –деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Жұмабай Шаштайұлы «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-1987 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-1990 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді.
1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.
«Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс» (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық» романы (2004), таңдамалы 2 томдық жинағы (2010) және «Аяз би» романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып шыққан (2013).
Qazaqstan ұлттық телеарнасында «Үзеңгі жолдас» бағдарламасын жүргізген.