Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Павлодар облысында әкімнің ұлы оқушы қызды соққыға жыққан: министрлік ақпаратты растады

Павлодар облысында әкімнің ұлы оқушы қызды соққыға жыққан: министрлік ақпаратты растады
Видеодан скриншот. Оқушы қызды ұрып жатқан әкімнің ұлы
Оқу-ағарту вице-министрі бұл деректі растады.

Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы оқушы қызды соққыға жыққан. Ақпаратты оқу-ағарту министрлігі растады, деп жазады  KYN.KZ тілшісі.

Stan.kz-тің мәліметінше, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанға осы жағдайға қатысты сауал қойылды.

"Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы мектеп қабырғасында қызды ұрып-соғып, мұрнын сындырғаны туралы ақпарат желіде пайда болды. Алайда қыздың анасы дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жағдайға қатысты пікіріңізді тыңдап, білгім келеді. Неліктен ер бала мен оның ата-анасы жауапқа тартылмады?" – деді журналист.

Оқу-ағарту вице-министрі бұл деректі растады.

"Иә, шынында да мұндай факт болған. Біз әлеуметтік желілерде пайда болған әрбір жағдайды мұқият тексеріп, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлаймыз. Осы фактіге сүйене отырып, қазір тергеу жүріп жатыр, тиісінше шара қолданылады", – деді Оспан.

Ақпаратқа балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина да түсініктеме берді. Оның айтуынша, жанжал қаңтар айында Павлодар облысындағы мектептердің бірінде болған.

"Шынымен де, бұл факт болған. Ол қаңтар айында тіркелген. Бізге белгілі болғандай, бүгінде іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотта қаралып жатыр, баланың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жиналыс өтіп үлгерді", – деді ол. Овечкина айтты.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде зардап шеккен қыздың анасының үндеуі шыққан. Полицейлер жағдайды анықтап, Павлодарда 7-сынып оқушысы мен 6-сынып оқушысы арасында жанжал болғанын хабарлады. Оқиға салдарынан қыз ауруханаға жатқызылды. Оған келтірілген жарақаттар денсаулығына жеңіл зиян ретінде бағаланды. Полицейлер баланың әрекетін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деп бағалаған. Іс материалдары сотқа жолданды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар