Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысында денесі құбырдан табылған әйелдің туыстары мәлімдеме жасады

Түркістан облысында  денесі құбырдан табылған әйелдің туыстары мәлімдеме жасады
Otyrar.kz. Суретте: Светлана Черных
Әйелдің денесі құбырдан шығарылғанда басында ісік, денесі көгерген, қолында бір уыс шаш болыпты.

Түркістан облысында 29 жастағы келіншек құдыққа құлап қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде бұл жайтқа қатысты әлі күнге тергеу жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтып наразылығын білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 18 наурызда Майтөбе ауылы маңында болған. Полиция іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркегенін мәлімдеді. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

«Қазір «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу»бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады»,–дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.

40 метрден аса тереңдіктен арнайы құралдарымен тартып шығарылған әйелдің туыстары оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды. Себебі қайтыс болған әйелдің басында ісік пен денесінің көгерген жерлері болыпты. Сонымен қатар, бір уыс шашы марқұмның қолыннан табылған. Ал күйеуінің сөзінше, олар тіпті бірге шетелге саяхат жасауды да жоспарлаған.

«Мен жұмыста едім. Сол күні түнде сөйлескенде бәрі жақсы болған. Ташкентке қалай баратынымызды, қайда қыдыратынымызды талқылағанбыз. Ал ертесіне таныстарымыз маған әйелің құдыққа түсіп, қайтыс болды деп хабарласты. Онда да өзіне қол жұмсаған дейді. Ол мүмкін емес. Құдықтың ішіне түскен қыз бір қолының жоғары, екінші қолының төмен тұрғанын айтты. Егер өзі құласа екі қолы да жоғарыда болмай ма? Құлап бара жатқан кезде жанталасып айналасын ұстау керек қой. Тырнағының арасында ондай белгілер болмаған. Үстінде күртесі болғанымен аяғында аяқкиімі жоқ. Ал ішіндегі киімі жыртылып кеткен. Біз оны құдық ішіне әдейі біреу лақтырып жіберген деп ойлаймыз. Себебі әйелім ол жерді білмейді. Өмірінде ол жерге барып көрмеген»,—дейді марқұмның күйеуі.

Ал Светлана Черныхтың енесі келінін біреу қасақана өлтіруі мүмкін деп санайды.

«Мен істің мән жайын білуге полицияға барғанда бір-біріне суицид бойынша туыстары келді деді. Алайда қазірге дейін ешкімнен сұрақ-жауап алмады, экспертиза жүргізіп жатыр ма, айтпады. Ал куәгерді 1 күннен соң шығарып жіберген. Сол кісі келінімді сонда апарған. Жағдайды ести сала құдыққа барған кезде, әлгі бала сонда жүрді. Мас. Менің келінім өліп жатса, сонда ертіп апарған адам мәз болып тұрды. Мұнда күмән бар. Ол жігіт келінімді "өлгім келеді" деп секіріп кетті" деп айтты бәріне. Бірақ кішкентай ғана құбырға қалай сыйды. Қалай секіреді онда? Бірден секіріп кетуі мүмкін емес. Секірсе де, неге қасындағы жігіт ұстап қалуға тырыспады. Бірінші барған анасы ішінен құтқарыңдар деген сөзді естіпті»,— дейді ол.

Айта кетейік, марқұмның артында 3 бала қалды. Оның үлкені 9-да болса, кішісі небәрі 4 жаста.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар