7 жасар Милананың өліміне қатысты анасының көңілдесі сотта жаңа деректер айтты
- автор kyn.kz
- 9 сәуір, 2024
- 5.6k
Павлодарда 7 жастағы қызды буындырып өлтірді деген күдікті кінәсін мойындаудан бас тартты. Ол Милана Давыдованың денесін «жасыруға ғана көмектестім» деп отыр.
Бүгінгі сотқа марқұм қыздың әкесі де қатысты. Қайғыдан қан жұтқан Александр Колчин әйелінің балаларды үнемі ұрып-соғатынын айтады. Соның салдарынан 7 жастағы Милана үйден қашып кетуді әдетке айналдырыпты.
Қанды қылмыс болған күні ол мал жаюға кетіп, қызының із-түссіз жоғалғанын хабарлама арқылы білген. Ал әйелінің көршісімен көңіл жарастырғанын ауылдастырынан естіпті. Бірақ оған мән бермей, жұбайының адалдығына күмән келтірмеген. Отбасында Миланадан бөлек тағы екі бала бар. Бүгінде қос жеткіншек интернатқа орналастырылды.
Ең сорақысы, марқұм қыздың 9 жастағы ағасы қанды қылмыстың куәгері болған. Содан бері психиологиялық соққы алып сөйлеуден қалыпты. Ал сот алдында жауап беріп жатқан күдікті ер адам өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол Милананы азаптап өлтірген — анасы дейді. Өзі бүлдіршіннің денесін жасыруға ғана көмектесіпті.
Еске салсақ, сұмдық оқиға өткен жылдың қараша айында Бесқауға ауылында болды. Із-түссіз жоғалып кеткен жеті жастағы Милана Давыдованы іздеуге 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін безбүйрек ана жасаған қылмысын мойындап, қаршадай қызының денесі жасырылған жерді көрсетіп берді.
«Кінәмді толық мойындамаймын. Мен баланы өлтірген жоқпын. Денесін жасыруға көмектескенім рас. Қылмысты жасырмақ болғанымды да мойындаймын. Бірақ баланы өлтірген сәтте үйде болмадым. Келгенімде, анасы «қыздың денесін жасыруға көмектес» деп сұрады",-дейді сотталушы ер адам