"Достарыңыздың үйіне көшіңіздер": Орал әкімі су тасқынына байланысты ескерту жасады (видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- 15 сәуір, 2024
- 759
Орал әкімі Миржан Сатқанов су тасқынының екінші толқыны жақындап келе жатқанын айтып, ескеру жасады. Сондай-ақ ол кейбір аудандардың тұрғындарын эвакуациялануға шақырды, деп хабарлайды Орал қаласы әкімдігіне сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Оралда су қаупі сейілмей тұр. Болжамдарға сәйкес, 2-3 күн ішінде Ресей Федерациясындағы Ириклин су қоймасынан ағатын су деңгейі көтеріліп, сол себепті Жайық өзені тасуы мүмкін. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі 8 метрге жақындап, 8,5 метрге жеткен.
Орал әкімі тосқауыл қою үшін жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады. Қазірдің өзінде 350 арнайы техника мен 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Сатқанов ең маңыщдысы тұрғындардың қауіпсіздігі дейді.
«Сондықтан Курени, Старица және Коминтерн аудандарында орналасқан саяжай учаскелерінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялау қажет. Өйткені бұл аудандарда су басу қаупі өте жоғары. Ірі көлемдегі су кез келген уақытта келіп жетіп, үйлеріңіз су астында қалуы мүмкін. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өміріне қауіп төнбес үшін тез арада отбасыңыздың, достарыңыздың үйлеріне немесе тәулік бойы жұмыс істейтін эвакуациялық орталықтарға көшіңіз», - деді Миржан Сатқанов әкімдіктің Instagram-парақшасында.
Сондай-ақ азаматтар барлық сұрақ бойынша қалалық штабқа 24-05-70 және 24-01-94 телефон нөмірлері арқылы қоңырау шала алады.