"Зейнетақысын алып қойған": Алматыда ер адам анасын аяусыз ұрып-соққан үшін қамалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 мамыр, 2024
- 726
Алматыда өзінің қарт анасын аяусыз ұрған тұрғын 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы “НеМолчи” қорының негізін қалаушы Дина Таңсәріге сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі хабарлайды.
Ер адам соңғы рет 1 мамырда анасын аяусыз сабаған. Тіпті оның зейнетақысын қолынан алып қойып отырған көрінеді.
"Айқайлаған дауысқа көршілері дауыстың қай жақтан шығып жатқанын іздеген. Пәтерді тауып, ішке кірмек болған кезде ер адам қашып кетпек болған. Үйге үнемі есікті сындырып кіретіндіктен есік әбден бұзылған", – делінген хабарламада.
Қарияның айтуынша, ұлы еш жерде жұмыс істемейді. Баласының бұл әрекетінен шаршаған зейнеткер бұған дейін де полицияға бірнеше рет шағым түсірген.
"Денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды. 13 мамырда Медеу аудандық азаматтық сотында оны маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу мәселесі бойынша сот отырысы өтеді", – делінген Алматы полиция департаментінің хабарламасында.