"Өлімге әкелген әзіл": Жамбыл облысындағы жасөспірімнің өліміне қатысты ақпарат пайда болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 15 мамыр, 2024
- 2.3k
Жамбыл облысы Мерке ауданында жасөспірімдер арасында төбелес туындап, бір бала көз жұмды. Оның өліміне сәтсіз әзіл себеп болған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өз телеграм арнасында жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға автомектеп аумағында орын алған. Марқұм Меркіге досымен бірге сол жердегі оқу-өндірістік комбинатында жүргізуші курстарынан өтуге келген. Оларды әкесі жеткізіп тастаған екен.
«Бүгін маған кешегі болған жантүршігерлік оқиға туралы басқа да ақпараттар келіп түсті. Тергеу анықтағандай, қайтыс болған Сыпатай Артем Садков сол ауылдың тұрғыны. Наурыз айында 16-ға толыпты. Автомектепке жеткенше балалар тамақтанып алуға кіріп, піскен жұмыртқа жеген. Сол уақытта олардың жанына автомектепте оқитын төрт бала келіп, жұмыртқа туралы әзіл айтқан. Сол уақытта жасөспірімдердің арасында төбелес орнайды», - деп жазды журналист.
Алайда, әзіл айтқан жігіттің орнына досы төбелеске шыққан. Ол жекпе-жекте Артемнен жеңіліп қалады. Сол кезде оның қолына әзілді бастаған досы кастет берген. Ол Артемнің басынан кастетпен ұрып, құлатқан. Жасөспірім сол құлаған бойы орнынан тұрмаған. Олар жедел жәрдем шақырған. Алдын ала болжам бойынша Артемның миына қан құйылған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәмелетке толмаған баланы өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қылмыстық іске қатысы бар тағы бір балаға заңсыз қару алып жүрді деген айып тағылуы мүмкін.