Сегіз айлық баласын аштан өлтірген: Павлодар облысында безбүйрек анаға сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 мамыр, 2024
- 536
Павлодар облысында сегіз айлық баласын аштан өлтірген безбүйрек анаға үкім шықты. Ол жөргектегі сәбиін жеті күн бойы тамақтандырмаған. Бір апта бойы нәр татпаған нәресте үйінде шетінеп кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.
Кейіннен іс қозғалып, тасжүрек әйел тергеуге алынған. Сотта кінәсі толық дәлелденіп, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған балалары жетімдер үйіне өткізілді.
Қоғамды дүр сілкіндірген бұл жағдай өткен жылдың қараша айында болды. Екібастұз қаласының маңындағы Шідерті ауылының тұрғыны жедел жәрдемге қоңырау шалып, баласының тыныс алмай жатқанын және денесінің суып кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер сегіз айлық нәрестенің шетінеп кеткенін анықтапты. Тергеуде әйел баласын жеті күн бойы дұрыс тамақтандырмағаны белгілі болған. Іс сотқа жетіп, сәбиіне бір апта нәр татырмаған ана бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
«Бұл қылмыс онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін заңда үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайдың болмауына және жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты жазаның мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 1 жыл 6 айдан аспауы керек. Сот сотталушының жеке басын және отбасылық жағдайын ескере отырып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - дейді Павлодар облысы сотының баспасөз қызметінің бас маманы, Маржан Құрманғалиева,
Сотталушының тағы екі баласы бар. Шақалағын аштан қатырған әйел ата-ана құқығынан айырылып, қос бүлдіршінді құзырлы органдар балалар үйіне орналастырды.
«2019 жылы туған бала Екібастұз қаласының «Үміт» арнаулы қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында, ал 2021 жылы туған екінші қызы Павлодар облысы мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды», - деді білім бөлімінің басшысы Лаура Дүсіпова, Екібастұз қаласы.
Баласын аштан қатырған ана алдағы бір жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Ал отбасында тәрбиеленген тағы екі қыз, бес және үш жасар қос бүлдіршіннің тағдыры алдағы бір жылда белгілі болмақ. Себебі, сотталушы заң бойынша алты ай ішінде ата-ана құқығын қалпына келтіруге мүмкіндігі бар.