"Ұрмаңыздаршы, ауырып тұрмын" деп жалынған": Қызылордада оқушыны өлтірді деген күдіктілердің бірі директор орынбасарының ұлы болған
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 мамыр, 2024
- 689
Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылында төбелес кезінде көз жұмған 16 жастағы Ерасыл Төребаевты өлтірді деген күдікпен екі оқушы қамауға алынды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, күдіктілердің біреуі – марқұм бала оқыған мектептің директорының орынбасары, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға 18 мамыр күні болды. 16 жастағы Ерасылдың мәйіті ауылдың шетіндегі стадион маңайынан табылған.
Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ауыл тұрғындарының бірі Azattyq Ruhy тілшісіне қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндады. Айтуынша, қаза тапқан бала 9-сыныпта оқыған. Ал оны 10-сыныптың оқушылары ұрған. Тұрғындар ауыл балалары арасында төбелес жиі болып тұрады дейді.
«Жоғары сынып оқушылары одан ақша сұраған. Ұрған кезде «мені ұрмаңыздаршы, мен ауырып тұрмын» деп жалынған. Бірақ соған қарамай ұрған. Ұрған балалар оны футбол алаңына тастап кеткен. Анасы барса, үсті-басы су-су дейді. Денесі бозарып кеткен. Есін жисын деп су шаша берген ғой. Көз жұмған бала үйдің жалғызы, әкесі 2018 жылы қайтыс болған. Жалғызбасты ана. Ауылдағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жағдайлары мәз емес. Анасы жалғыз қалып қойды», - дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, баланың өлімінен кейін қамауға алынған екі оқушының біреуі – мектеп директоры орынбасарының ұлы.
"Мен тергеудің, соттың әділ өткенін қалаймын", - дейді ол.
Қызылорда облысы полиция департаменті күдікті балалар туралы ақпарат берген жоқ. Тек қылмыстық іс ПД бастығының бақылауына алынғанын мәлімдеді.
«Кәмелетке толмағанның қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалар жасалады. Күдікті ретінде кәмелетке толмаған екі бала ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Іс Қызылорда облысы ПД бастығының бақылауында», - деді департаменттің баспасөз қызметі.
Қодаманов ауылындағы трагедиядан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданы әкіміне қатаң сөгіс жариялады.
"Ал аудандық білім бөлімінің басшысын, мектеп директорын, учаскелік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді», - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.