“5-6 ай жуынбаған”: Шымкентте алты баланы асырап алған емші оларға зәр ішкізген
- автор Анар
- 3 маусым, 2024
- 3.9k
Шымкентте асыранды балаларын жұмысқа жегіп, әбден қорлаған ер кісі туралы тың ақпарат шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Жаннета Жазықбаева осы оқиға бойынша жаңа деректерді айтты.
Ер кіснің өз перзенті болмаған соң 2021 жылы әйелі екеуі алты бала асырап алған.
Ең үлкенін - Шымкенттегі, қалғанын - Астана, Алматы және Өскемен қалаларындағы балалар үйінен қамқорлығына алған. Алты баланың екеуі егіз, қалғаны төрт түрлі отбасынан.
Шымкенттегі балалар үйінің тәрбиеленушісі болған ер бала - үйдің үлкені, қазір жасы 16-да. Қалғандары — 2009, 2021, 2020 жылы туғандар. Жаннета Жазықбаеваға Шымкенттегі балалар үйінің директоры хабарласып, бұрынғы тәрбиеленуші бірнеше айдан бері қорлық көріп жүргенін айтып көмек сұраған.
“Бұл отбасының үлкен үйі бар, бірақ оны тек комиссия үшін жасап қойған сияқты. Бәлкім көмір, газ, электр жарығын үнемдеді ме? Ол жағын білмедім. Өздері үш бөлмелі „времянкада“ тұрады. Ана үйдің ішіне кірсеңіз, шошып кетесіз. Қабырғаларына түгел әруақтардың суретін іліп тастаған. Балаларды асырап алған кісі емші екен. Тағы бір „времянкасында“ әлгі емші сонау 80 жылдары қайтыс болған анасына ескерткіш қойып, айналасына сүйектер мен беймәлім шөптерді тастаған. Үй ішінде аң мүйіздерінен көз сүрінеді. Кейін сарайға кірдік. Ол жаққа үш мысықты байлап қойыпты. Ит байласа, бір сәрі. Қатты таң қалдық. Сарай іші ыбырсып жатыр. Барлығын видеоға түсіріп алдық. Жас баланың алақанын көрсеңіз, ересек кісінің алақаны сияқты. Әбден қара жұмысқа жегілген. Мен бірден киімін шешкізіп, үсті-басын қарадық. Кір-қожалақ, жуынбағанына алты айдай болған шығар. Үстіне киіп алған тоқылған ақ жемпірі жуылмағаннан сұп-сұр боп кеткен. Денесі көгерген, кісенмен ұрған тыртық іздерін байқадық. Киімдері өте ескі. Басқа балалардың да үсті-басы кір-қожалақ. 5-6 ай жуынбаған соң денесі қышиды ғой. Әбден қасыған, соның іздерін көрдік. Күркілдеп жөтеліп отыр”, - дейді Жаннета Жазықбаева.
Айтуынша, алты баланың ішінде бір қызға ғана күтіммен қараған. Ал қалғандарын адам санатына жатқызбаған. Тексеру үшін құрылған арнайы комиссия тоңазытқышта бала жейтін ас табылмағанын, тіпті қора-қора малы бар отбасында айран-сүт болмағанын анықтаған. Тіпті емші түнде балалардың үстін қасымасын деп аяқ-қолдарын байлап тастайды екен.
“Балалардың не жейтін тамағы, не киетін киімі жоқ. Тіпті жатын орны да сай емес деп дереу акт толтырдық. Балаларды алып кеттік. Төртеуін сәбилер үйіне, екеуін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырдық. Балаларды әкетіп бара жатқан әлгі кісі тым болмағанда бір қызымды қалдырыңдаршы деп өтінді. Ол қыз - жасөспірімнің айтуынша, ерлі-зайыптылар жақсы қарап, бар дәмдісін беріп отырған бүлдіршін”- дейді ол.
Балаларды комиссия алып кеткен күні емші Жаннета Жазықбаеваға бірнеше рет хабарласқан. Қазіргі кезде барлық мәлімет полицияға тапсырылған. Қылмыстық кодекстің 140-бабымен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) іс қозғалған.
“Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваға хабарласып, барлық мән-жайды айтып отырдым. Ол кісі Бас прокуратура, ІІМ-мен байланысқа шығып, Қылмыстық кодекстің 110-бабымен (азаптау) іс қозғалды. Кім біледі, әйтпесе созылып жүре берер ме еді?.. Ер кісі екі айға қамауға алынды. Наурыз, сәуірде қамауда болыпты. Естіп жатырмын, мамыр айында шығып, Алматыдағы психдиспансерге жатыпты. Ауытқуы бар деген диагнозды қалпына келтірмекші шығар. Шынымен ауытқуы бар ма, жоқ па? Егер болса, бала асырап алуға кім рұқсат берді? Оған тиісті органдар өздері жауап берсін. Бірақ полиция жауап алу кезінде оның інісі ол 10 жыл бұрын адам емдеп отырып, бір әйелді өлтіріп алғанын айтты. Сол кезде психологиялық ауытқуы бар деген анықтамамен жазадан құтылған екен», - дейді Жаннета Жазықбаева”, -дейді Жаннета Жазықбаева.
Омбудсменнің қалалық өкілі қазір балалардың жағдайы жақсы екенін және олармен психологтар жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Балалардың алдағы тағдырын сот шешетін болады.