Асыранды балаларына ит-мысықтың етін жегізген емшіге қатысты жаңа дерек шықты
- автор kyn.kz
- 5 маусым, 2024
- 2.4k
Журналист Гүлмира Әбіқай "асыранды балаларына ит-мысықтың етін жегізіп, аттың ауыздығымен асырандыларды төпелеп ұрғаны, үйінде құл мен күн ретінде ұстағаны" хабарланған емшіге қатысты жаңа дерек бөлісті. Оқырманы журналистке емші, бақсыға қатысты тың дерек айтқан.
Республикалық арналар “Әруақты емші” деген желеумен дүркін-дүркін хабарлар жасап, газеттер сала-құлаш мадақтау мақалалар жазған Ұлықбек Сманов хақында айтты. Емшінің өзін бала жастан танитын оқырманы әрі Ұлықбек Сманов қарындасының жазбасын бүкпесіз жекізді.
Ұлықбек Сманов Оңтүстік өңірде, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында туып өскен. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Нақты жасы 51-де. Әжесінің айтуынша, бала кезде кешкісін Бадам өзенінің жағасында ұйықтап қалған, содан ауытқу басталды. Көрші-қолаң мазақтап күліп, ата-әжесі “баламыздың өз әлемі бар” деп қорғаштайды. Есейе келе ауытқуы асқынып, психдиспансерде емделгені рас. Кейін "әруақ қонды" деп арқасы қозып, өздігінен сағаттап сөйлей бастайды. Өзі де зікір оқып, қамшымен дем саламын деп жүрді. Арасында қазақ-араб университетін оқыдым деген, 2010-шы жылдары Отырар колледжінде музыкадан сабақ та берген. Кейін үйленіп, мал бағып, малды-жанды болып тұрмысы көтерілді. Индира жеңгеміз біртоға, жуас, тек бала көтере алмады. Ұлықбек ағам екеуі әжемді өле-өлгенше бағып қарады.
“Бір биеден ала да, құла да туады” демекші атам мен әжем ауылға сыйлы жақсы кісілер еді, артынан мынадай сөз еріп…
Кейіннен журналистің оқырманы психиатриялық ауруханада есепте тұрған емшінің 6 баланы асырап алуына жол бергендерге күйінеді:
Ол психбольницада учетта тұрса, асырауға 6 баланы кім берді, неге берді, неге тексермеген? Бұл үйде 6 бала барын біз, тіптен, білмедік. Әлде жүйке ауытқуын біліп, бауырымызды біреу подставить етті ме екен? Ақшаға мұқтаж емес, мал-жаны бар адам. Өмір бақи қараусыз мысық-күшікті жағалап, артынан шұрқыратып тамақ беріп жүретін. Егер, 4 жыл бойы 6 балаға ақша алып келсе, оны қайда, кім жұмсады екен? Сауал көп, жауап жоқ.
Сонымен қатар, журналист қазір Ұлықбек Смановтың қазір психоневрологиялық диспансерге жатқызылғанын жазды. 16 жастағы ұл мен қыздың Шымкент қалалық қиын жағдайға түскен балаларды бейімдеу орталығына орналасқанын,қалған 4 баланың (кішісі 4-те) бөбектер үйіне орналастырылғанын хабарлады.