Әлихан Смайылов шенеуніктердің жарты триллион теңгені тиімсіз жұмсағанын айтты
- автор Анар
- 6 маусым, 2024
- 308
Жоғары аудиторлық палатаның тізгінін жуырда ұстаған Әлихан Смайылов премьер-министрдің кабинетін жағалаған шенеуніктер былтыр жарты триллион теңгені тиімсіз жұмсағанын айтып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде осы әкімшілермен кездесіп, аудиторлық жұмыстың негізінде қаншалықты мақсатқа сай, қаншалықты тиімді пайдаланғанын көруіме болады. Олар әртүрлі аргумент айта алмайды. Өйткені олар мені алдай алмайды. Ақшаны бөлгенде, олар маған келіп, нақты мәселесін айтқан болатын», - деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.
«Құмға сіңген судай жоқ болған әр тиынның есебі қатаң болады» деп отыр Смайылов. Себебі, бюджет бағдарламаларын бекіту кезінде жауаптылар шығыны орынсыз көп есеп-қисапты Смайыловтың премьер кезінде алдына қайта-қайта барып қол қойғызыпты. Іс жүзінде жағдай басқаша болып шыққан. Мәселен, құжатта зәулім ғимарат болып көрсетілген нысандардың тек бірінші қабаты тұрғызылғаны анықталса, құрылысы басталғандардың іргетасы ғана қаланған. Бас-аяғы 37 жоба-смета құжаттан осындай олқылықтар табылып отыр.
«Премьер-министр ретінде бюджет бағдарламалары әкімшілері келіп, сол қаражатты сұрады. Маған қандай негізде, қандай мақсатта сұрағаны жақсы мәлім. Біз бюджет процестері негізінде тиісті қаражатты, нақты мәселелерді шешеміз деп белгіледік. Енді іс жүзінде сол қаражат қаншалықты мақсатқа сай жұмсалды?», - деді Смайылов.