«Дәрігерлер екінші қабатта болған»: Ақмола облысында балабақша терезесінен құлап кеткен балаға көмек көрсетілмеген
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 маусым, 2024
- 408
19 маусымда Ақмола облысында бүлдіршін балабақшаның терезесінен құлап кетті. Ата-анасының айтуынша, оған бірден медициналық көмек көрсетілмеген. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға кеше Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылында орналасқан балабақшада болған. Күндіз сағат 12:00-де бала екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Бұл видео оқиға болмай тұрып, бір сағат бұрын ата-аналардың WhatsApp-тағы чатына келген. Бейнежазбадан баланың терезенің алдында тұрғанын байқауға болады. Осыдан кейін балдырғанның жерге құлап, басы жарылғаны туралы хабар жетіпті.
"Терезеден қарап тұрып, бір сағаттан кейін құлап кеткен. Бірақ көмек бірден көрсетілмеген. Жедел жәрдем қызметіне хабарласпаған. Баланың аяғы сынса да көтеріп жүрген. Ауылдың дәрігері жаяу келіп, басын ораған, ал сынған аяққа ештеңе істемеген", - деді Ерасылдың анасы Ұлжан Санат.
Ерасылды туыстары Шортанды ауданындағы ауруханаға алып кеткен. Себебі жедел-жәрдем көлігі жүрмейді. Ерасылдың атасының айтуынша, ауруханаға келгеннен кейін балдырғанды қабылдайтын дәрігер табылмаған.
Қарияның сөзінше, медицина ғимаратында баланы 40 минут бойы қарата алмай, әбден сабылған.
"Бізді ертіп жүрген медбике қайтадан екінші қабатқа көтерілді. Мен тоқтаттым. "Аты-жөніңді айтшы, кіммен сөйлесіп жүргенімді білейін" десем, ол телефонмен сөйлесіп кетті", - деді Ерасылдың атасы Санат Датпа.
Амалы қалмаған қария немересін көлікке салып, Астанаға тартыпты. 1,5 жарым сағат жол жүріп келе жатқанда бала есінен танған. Қалаға кіреберісте жедел жәрдем шақырып, Ерасылды ауруханаға алып келіпті. Қазір баланың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
"Көрсетілген медициналық жұмыстан кейін ми жарақаты мен сол жақ жамбас сүйегінің және бас сүйегінің сынығы анықталып, бала қарқынды терапия бөлімі жатқызылды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр, бірақ қалпына келіп жатыр. Алдағы уақытта жамбас сүйегіне операция жасау жоспарланып отыр", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айжан Ақай.
Дәрігерлер төрт жастағы баланы не үшін қабылдамады деген сұраққа Шортанды аудандық ауруханасының директоры Ерасылдың атасы ғимараттың ішінде шу шығарған деп жауап берген.
"Бізде ғимаратта бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 40 минут бойы дәрігер таппай жүрдім деген ақылға қонымсыз. Барлығы тез болды. Біздің дәрігерлер екінші қабатта болған. Олар төмен түсеміз дегенше баланың атасы оны көлікке отырғызып, Астанаға алып кетіпті. Оның үстіне, дәрігер мен ол кісі арасында түсінбеушілік туындаған", - деді Ақмола облысы Шортанды аудандық ауруханасының директоры Нұрлан Шагиров.
Ал оқиға болған балабақша қызметкерлері жұмыс істеп жүр. Зардап шеккен баланың ата-анасы бөбекжайдың тәрбиешісі мен күтушісіне және балабақша директорының үстінен арыз жазбақ.