«Тастанды бала болып өстім»: Айгүл Иманбаева балалық шағында жүрегінде қалып қойған сызаты туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 маусым, 2024
- 4.8k
Әнші, әрі актриса Айгүл Иманбаева өзінің тастанды бала болып өскенін айтып, көпшіліктің жүрегін елжіретіп қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Балалық шағы туралы жан сырын ол Instagram-дағы парақшасында ақтарды. Өткен күндерін есіне алған әнші бала кезде махаббат, жылулықты ала алмағанын айтты.
«Бала Айгүл ақылды тентек болды. Менің балалығым материалды тұрғыдан қарағанда ештеңеден қиындық көрмей, бақытты балалық шақ болып өтті. Қазақша айтқанда «ішкенің алдында, ішпегенің артыңда», киген киімің, баратын жерің барлығы да болды. Бірақ рухани жанның, жүректің әңгімесі дәл менің отбасымда басқаша болды. Себебі мен әкесіз өстім. Әрине ол үшін мен қазір әкемді де, шешемді де кінәламаймын. Бірақ бала Айгүлдің жүрегі бұның біреуінде түсінген жоқ. Себебі бала болдым. Үш баланың ішіндегі ең тентегі мен болдым. Әке-шешенің арасындағы айқай-шу, реніш, олардың ажырасуы баланың жүрегіне қаяу салмай, жүрегін жараламай қоймайды. Сондай жаралы бала болып өстім. Шешем мен бауырларым қасымда болса да, өзімді тастанды бала сезініп өстім. Даладағы бала болып өстім, жалғыз қалып қалған бала болып өстім. Бұның барлығы бала Айгүлдің жарасы. Бірақ сол жарам мені бүгінде толыққанды адам, Айгүл Иманбаева жасады», – деді әнші.