Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Психолог Ерғалина босанғалы жүргенде күйеуі ұрып, қыста вокзалда түнегенін айтты

Психолог Ерғалина босанғалы  жүргенде күйеуі ұрып, қыста вокзалда түнегенін айтты
Инстаграм
Эльвира Ерғалина: Ол жігіттің ізінен қалмай, таяғын жеп жүрсем де өзіме үйленуін талап еттім.

Психолог Эльвира Ерғалина «Көлеңке – Жарық» кітабында тұрмыс құрған сәттегі ауыр өмірі мен күйеуінен көрген озбырлықты ашық жазған. Ол кітабында мектеп бітіріп, қалаға оқуға келген бетте ата-анасының, әжесінің қатаң бақылауынан босап шығып, еркін өмірде өзін дұрыс ұстай алмағанын мойындайды. Оған бұзақы, дөрекі, ашушаң, оны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын жігіттер ермінезді болып көрінеді. Сондай жігіттің біріне ғашық болып, ерте тұрмысқа шығып кеткен екен.


Көңіл қосқаннан кейін жастар үнемі ұрыс-керіс пен дау-жанжалдан көз ашпайды. Екінші курс оқып жүргенде сол сүйіктісінен жүкті болып, ел-жұрт, туған-туыс білмей тұрып, тұрмысқа шығып кетуге тырысады. Үлкен әулеттің еркесін туғандары сәнімен-салтанатымен, бар дүниесін түгендеп ұзатқан. Ал жігіттің үйіне барған кезде осыған дейін ол айтқан дүниелер  мен оның тұрмысы еш сәйкес келмеген. Келін Эльвира   ескі, жұпыны үйге түсіп, артынан келген туыстарының алдында аулада болған тойынан қысылады. Тіпті әкесі оған: «Бұдан басқасы табылмай қалды ма?» – деп, оның жүрегін одан әрмен ауыртады. Жігіттің өтірігіне әбден сенген қыз шынайы тұрмысты қабылдай алмай бұлқан-талқан болады. Ақыры келін болған 5-ші күні күйеуінен оңбай таяқ жеп, «Тұрмысқа шықпай тұрып жүкті болып қалғаным үшін өзім кінәлімін», – деп, өзін-өзі жазғырып, күйеуінің іс-әрекеті жайлы ешкімге тіс жармайды. 


Жазғы каникулдан қалаға оқуға оралған  жас-жұбайлар туған туыстың пәтерін паналауға мәжбүр болады. Осы тұста жоқшылық, жалқау күйеу, туыстың үйіндегі келіндік міндет сияқты нағыз тұрмыстық тауқымет басталады.  Төбелестен босамайтын екеудің қарым-қатынасы уақыт сайын ушыға түскен. Бір күні тіпті күйеуі үйге түнемей, жоқ болып кетеді. Үш күннен кейін келіп, аяғы ауыр, жаны мұрнының ұшындағы әйелге «Қазір қайтадан кетемін, шұлығымды жу», – деп бұйырады. Әйел оның айтқанын орындамағаны үшін тағы таяқтың астында қалады.  Ашуға булыққан күйеуі оны сабап, алтыны мен ақшасын, телефонын тартып алып, өзін далаға қуып шығады. Қыстың сол бір қақаған аязында аяғы ауыр әйел теміржол вокзалына түнеп шығуға мәжбүр болады. 

Бүгінде психолог маман атаған Эльвира Ерғалина «Көлеңке – Жарық» кітабында жас қыздарға сабақ болсын деген ниетпен тұрмыс құрғанда өзі жіберген қателіктерге талдау жасайды. Қай түсінігі оның қадамын шалыс басуға әсер еткенін айтады. Не себепті осындай азапты өмірге төзіп жүре бергенін бүге-шігесіне дейін талдайды. Тіпті тағдырдың тауқыметін тартып, жақынынан теперіш көрген қыздарға жан жарасын емдеуге арналған терапиялар ұсынады.

"Көлеңке-Жарық" кітабын осы жерден сатып алуға болады.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар