Ақтөбе облысында әкесі балалармен бірге суға батып кетті: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 тамыз, 2024
- 357
Ақтөбе облысында бір отбасының төрт адамы суға батып кетті. Қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ «Диапазонға» сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаның егжей-тегжейін баяндады.
«3 тамызда Әйтеке би ауданында Темірбек Жүргенов ауылында 4 адам суға батып кетті – 13, 11, 7 жастағы балалар және 1985 жылы туған ер адам. 112-ге қоңырау 15:39-да түсті. Құтқарушылар, полицейлер мен жергілікті тұрғындар іздеу жұмыстарына қатысты. 4 мәйіт 19:55 пен 21:55 аралығында табылды.
39 жастағы ер адам 13 жастағы ұлымен және 11 жастағы қызымен Атырау облысынан туысына қонаққа келгені анықталды. 3 тамызда туысы, оның 7 жастағы қызымен және балаларымен бірге олар ауылдан 2 шақырым жердегі Ырғыз өзеніне демалуға барған. Балалар жағаның арғы жағында жүзіп жүрген жабайы үйректерді көріп, соларға қарай барған. Салдарынан суға бата бастаған. Атырау облысының қонағы балаларды құтқаруға асығып, өзі суға батып кетті. Ал туысы оның артынан суға кіріп, құтқаруға тырысқан. Бірақ бата бастаған соң, шығып, құтқарушыларға хабар берген», - деді Ақтөбе облысы ТЖД басшысы Иса Байтұрсынов.
Оның айтуынша, суға батқан 4 адамның денесі жағадан 20 метр қашықтықта 2-3 метр тереңдікте табылды.
«Бұрын адамдар бұл жерде шомылған болуы мүмкін, ал биыл су тасқынынан кейін түбінде ойпаттар пайда болған деп болжап отырмыз. Мұның бәрі қазір жүріп жатқан тергеу барысында анықталады», - деді Иса Байтұрсынов.
ТЖД мәліметтері бойынша, Ақтөбе облысында 2024 жылдың мамыр айынан бастап 11 адам суға батып кетті.