Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«9 ота жасалды»: Алматыда күйеуі өртеп жіберген әйел әділдік іздейді

«9 ота жасалды»: Алматыда күйеуі өртеп жіберген әйел әділдік іздейді
Сурет: Астана телеарнасы
Индираның еміне 45 млн теңге қаржы керек екенін айтады

Алматыда үш жыл бұрын күйеуі өртеп жіберіп, ажал аузынан қалған Индира Тергеубаева әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүр. Ол пикетке шығып, қоғамның назарын аударып көмек сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Индира Тергеубаева өрт оқиғасы бойынша істің жабылуына наразы және бұрынғы күйеуін дер кезінде депортацияламаған көші-қон полициясы қызметкерлерінің жазалануын талап етіп отыр. Индираның базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Тергеубаеваның басындағы қайғылы оқиға 2021 жылы болған. Оны ажырасып кеткен күйеуі дүкенімен қосып өртеп жіберген.

«Маған осы үш жылда жалпы 9 ота жасалды, бірақ денсаулығым түзелмеді. Сол екінші топтағы мүгедек күйі қалдым. Пикетке шығуға мәжбүрмін. Былтыр мамырдан бері істі антикор екі рет істі жапты. Президент әкімшілігіне арыз жаздым. Антикордағылардың айтуынша, қылмыс құрылымы жоқ. Жауапты мамандар тиісті жазасын алды, қайта-қайта жауапқа тартпаймыз, олар ескерту алды, дейді. Бұл жемқорлық деп ойлаймын», – дейді Индира Тергеубаева.

Индираның некеде болған күйеуі – шетел азаматы. Жәбірленушінің айтуынша, Жоғарғы сот оны депортациялау туралы үкім шығарған. Алайда бір жарым жыл бойы көші-қон полициясы оны Қазақстаннан шығармаған.

«Жоғарғы соттың депортациялау туралы шешімі болса да, көші-қон полициясы ол адамды Қазақстаннан шығармады. Ол мені өлтіремін деп үнемі қорқытатын, ылғи полицияға барып шағымданатынмын. Ақыры 40 литр бензинді әкеліп, дүкенмен қоса мені өртеп жіберді», – дейді жәбірленуші.

Индира қазіргі қалалық прокуратураның да есігін тоздырып жүр. Мақсаты өз міндеттерін дұрыс орындамаған құзырлы мекеме мамандарын жауапқа тарту.

«Күйеуі өртеніп кетті, күдікті өлді деп істі жауып тастап жатыр. Қалалық прокурор Қарымсақов деген прокурорға тапсырма берді. Міне 1,5 ай болды, іс сол күйі тұр. Прокуратура да дұрыс қарамай жатыр. Менің талабым – көші-қон полициясы Заңды түрде жазасын алсын, шешімді орындамағандар түрмеге отырсын. Солар дер кезінде депортация жасағанда мен мүгедек болмас едім, бұрынғы күйеуім өртемес пе еді. Тіпті көші-қон полициясының мамандары ешбірі менен кешірім сұраған жоқ. Не түрмеге жабылсын немесе менің адам көргісіз болып қалған түрімді қалпына келтіріп, емімді алу үшін қаржылай көмек берсін. Менің денсаулығым қалпына келу үшін 45 млн теңге керек», – дейді Индира Тергеубаева.

Индираны толық қалпына келтіру тек кореялық дәрігерлердің қолынан келеді екен. Өз қызметін олар 100 мың долларға бағалапты. Индира Тергеубаева қазір еш жерде жұмыс істемейді, өйткені еңбекке жарамсыз. Басында баспанасы да жоқ. Ақылы оқитын студент қызы екеуі 70 мың теңге мүгедектік бойынша төлемақымен жан бағып жүр.

Еске сала кетейік, Алматыны дүр сілкіндірген оқиға 2021 жылдың соңында болды. Бұрынғы әйелі Индира Тергеубаеваға күн көрсетпеген ер адам оны жалға алған дүкенімен қоса өртеп жіберді. Ер адам қираған ғимаратта жан тапсырып, Индираны куәгер аман алып қалды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар