Денесі әжетханадан табылған Сарыағаштағы 3 жасар Асылымды көршінің 17 жастағы қызы өлтірген болып шықты
- автор kyn.kz
- 17 тамыз, 2024
- 3.9k
3 жасар Асылым жоғалып кеткен кезде бүкіл Сарыағаш ауданы, Сіргелі халқы 3 күн бойы оны су маңы мен қырды аралап іздеген еді. Полиция, құтқарушылар, еріктілер күш салды. Ақыр соңы араға үш күн салып, Асылым көршінің әжетханасынан табылған еді. Сараптама қорытындысы бойынша бүлдіршінді ешкім азаптап өлтірген жоқ деген қорытынды жасалды. Азалы жұрт жылап-сықтап, баланың ата-анасы қара жамылып Асылымның денесі жер қойнына тапсырылды.
Бұл туралы Kyn.kz тілшісіне Сіргелі ауылының тұрғыны хабарлады.
Араға 1 ай салып дәл осы жағдай сол Сіргелі ауылында қайталана жаздады. 5 жасар Нұрай есімді қызды көршінің 17 жастағы қызы азаптап, әжетхана тесігіне сыйдыра алмай тұрған жерден ауыл тұрғыны көріп қалған. Баланы құтқарып, одан не болғанын сұрағанда бәрін жайып салған.
"Қазір сені өлтіремін деп арқамнан ұрып, тамағымнан буындырды" деген балақай.
2 ай тергелген бойжеткен ақыр соңында Асылымды да өзі өлтіргенін мойындап, оқиғаны айтып берген.
Бүкіл ауыл балаларымен ортақ мектепте білім алып жүрген қызды қазір психологиялық ауытқуы бар деген қорытынды жасалуда. бірақ, ауылдықтар оның қатаң жаза арқалауын талап етіп отыр. Сіргелі халқы түгел полицияға арыз жазып беріпті. Енді оқушы қыз денсаулығында кінәрат бар деген сылтаумен, жазадан сытылпы шығады ма деп алаңдап отыр.