Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Кемпір-шал болғанда, бізді асырап, ертіп жүреді»: марқұм Ғалым Арыстанбаевтың 11 баласымен ойнап жүрген видеосы пайда болды

«Кемпір-шал болғанда, бізді асырап, ертіп жүреді»: марқұм Ғалым Арыстанбаевтың 11 баласымен ойнап жүрген видеосы пайда болды
Сурет: azattyq-ruhy.kz
Менің арманым – балаларым Қазақстанның «мен» деген азаматтары болса екен...

Жамбыл облысындағы қорқынышты апаттан қаза тапқан жол полиция қызметкері Ғалым Арыстанбаев кезінде «100 жаңа есім» жобасының кейіпкері болған. Осыдан 5 жыл бұрын «Хабар» агенттігі Арыстанбаев пен оның әйелінен сұхбат алған еді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.

Осы сұхбатында Ғалым Арыстанбаев бір емес, қатарынан 8 баланы асырап алуға не себеп болғанын айтып берген.

«Мен 11 баланың әкесімін. 3 бала өзімдікі, 8 баланы асырап алдым. Балаларым әр ұлттан. «Балалар үйінен бала асырап алайықшы» деген менің жұбайым. Негізі үш ұлым бар болған. Жұбайым «бір кішкентай қыз асырап алайықшы» деді. Мен «өзің туып алмайсың ба?» дедім күліп. «Асырап алғым келеді, сосын, Құдай нәсіп етсе, қызым да туар» деді. Балалар үйіне барып, бастапқыда балаларға ойыншық, тәтті апарып жүрдік. Қысқасы, бауырға басатын кішкентай қыз іздеп жүр, үлкендеу қыз тауып алдық. Сөйтсек, оның сіңілісі, інісі бар екен. Ар жағында дос қызы бар болып шықты. Сосын, балалардың бәрін үйіге ертіп келіп, үйді көрсетіп, қыдыртып, демалыс біткен соң жетімдер үйіне қайта апарып тастап жүрдік», - деген сол кезде Арыстанбаев. 

Ал, әйелі Әлия Көбегенованың айтуынша, балалар үйіндегі бүлдіршіндердің ойыншық пен сыйлық емес, ата-ана жылуына зәру екені бірден байқалады.

«Бір бала асырап алғымыз келді. Бірақ, қарасақ, олар ағайынды төрт бала екен. Ата-анамызбен ақылдаса келе алдымен соларды, кейін тағы үш бала асырап алдық», - дейді марқұмның жұбайы.

Ғалым Арыстанбаев асырап алған балалары әзербайжан, қытай, өзбек, цыган, татар, ұйғыр қазақ ұлтының балалары екенін айтып берген. 

«Біз қартайып, кемпір-шал болғанда, осы балаларды қалай асырап алсақ, олар да бізді солай асырап, ертіп жүреді деген ойымыз бар. Балаларымыз бізге сондай қамқорлық танытатын сияқты көрінеді өзіме. Менің арманым – балаларым Қазақстанның «мен» деген азаматтары болса екен...», - деп аяқтаған сол кездегі сұхбатын ол.

«Хабар» арнасының бұл жобасында Ғалым Арыстанбаевтың балаларымен қар атысып, ойнап жүрген бақытты сәттері бейнеленген. Өкініштісі сол – енді әкелерінің бұл бейнесі балаларының көз алдында осы таспа сияқты естелік қана болып қалады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар