«Теуіп, шашынан сүйреп»: Алматыдағы Орталық мешіттің имамы әйелін соққыға жықты деген ақпарат тарады
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 қыркүйек, 2024
- 920
Алматы қаласындағы Орталық мешіттің ұстазы Баубек Бектұрғанов әйелін соққыға жықты деген ақпарат желіде тарады. Белгісіз әйел қызының ер адамнан қорлық көргенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол бұл туралы TikTok әлеуметтік желісінде бөліскен. Алайда аты-жөні көрсетілмеген. Айтуынша, 4 жыл бұрын тұрмысқа шыққан қызының Орталық мешіт ұстазы Баубек Бердіғалиұлынан қорлық көргенін жеткізді.
“Қызым Алматы қаласындағы Орталық мешітте имам болып жұмыс істейтін, қари Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлына 4 жыл бұрын тұрмысқа шықты. 3 жасар ұлы мен 1 жасар қызы бар. Соңғы екі жыл себепсіз ұрып-соғып, теуіп, шашынан сүйреп, ұзын сүлгіні арқан етіп орап, екі бүктеп соққының астына алып келген. Жағдайдың бәрін көрген ата-енесі жәрдемдеспеген. Енесі "сенің жасыңда мені де қайын атаң солай ұрған, балаларың өскен соң жеңесің" депті. Тамақ ішер уақытта қызым “әңгімелесіп шай ішейік десе”, “үйде отырған әйелмен не айтамын” дейді екен”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Сондай-ақ, күйеубаласы әйеліне қол көтерген күннің ертесінде 15 күнге қамауға алынған. Айтуынша, ер адам балаларына ешқандай киім-кешек әпермеген.
“Қызым 29 сәуір күні түнгі 3 жарым шамасында "мама, тез алып кетші өтінемін, мынау адам болмайды" деп жазыпты. Таңғы 5-те оқып, 7-де сол үйге бардым. Үйіне кірсем, қызым кішкентай қызын емізуге жарамай, шашы ұйпа тұйпа болып, “басым, құлағым” деп жылап жатыр екен. Күйеуі екі баласы жылап ұйықтатпаған соң қызымды ұрыпты. Жатын бөлмеде телефон қарап жатқан жерінде, үш жасар немерем иығына жабысса, 3-4 рет лақтырып жіберіпті. Осының бәрі дәлелденіп, ол 30 мамыр күні әйелін ұрғаны үшін 15 күнге қамауға алынды. 4 жылда балаларына ешқандай киім-кешек әпермеді. 30 сәуірден бері қызым мен екі немереме өзім қарап жатырмын”, – дейді әйел.
Бұған қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Кейбіреулері имамның жақсы адам екенін жазыпты.
Олар “Отбасылық мәселені екеуара шешкен дұрыс қой. Жақсы көріп тыңдайтын қариым”, “Адамға қарап дінді сынамаңдар. Намаз оқып, Құран оқыса періште деген сөз емес. Пенде болған соң қате жасайды, мың жерден шариғат білсе де» деген пікірлер қалдырған.