«Мемлекет үшін өте лайықты әке»: сот Бишімбаевты ата-аналық құқығынан айырудан бас тартты
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 қыркүйек, 2024
- 900
Өз әйелін аяусыз өлтіргені үшін сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты сот ата-ана құқығынан айырудан бас тартты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұрынғы әйелі Назым Қаһарман Бишімбаевты сот ата-ана құқығынан айыруға негіз жоқ деп шешкен.
«Біздің әділ сот оны ата-аналық құқығынан айыруға негіз жоқ деп шешті, ол біздің мемлекет үшін өте лайықты әке», – деп жазды ол.
Ол Қуандық Бишімбаевты ата-аналық құқығынан айырғысы келетінін жеткізді. Өйткені ол өз балаларын шетелге шығару үшін рұқсат қағазын алуы керек екен.
«Бұл жерде әр қағаз үшін, оның қандай да бір келісімі үшін қауіпті қылмыскерді іздеп түрмеге қайта-қайта бару мәселе болып тұр. Оның келісімінсіз балаларым жаттықтырушымен не болмаса мұғалімімен ешқандай жарысқа бара алмайды. Балалар әлі күнге соның тегімен жүр. Өйткені екінші ата-ананың келісімінсіз тегімізді өзгерте алмаймыз. Кез келген қарапайым ата-ана мұндай рұқсатты алғашқы күндерінен-ақ берер еді. Бірақ балалар бір жылға жуық уақыт бойы келеңсіз жайтқа тап келіп және оған төзіп жүруге мәжбүр болды», - деді Назым Қаһарман.
Еске салсақ, 13 мамырда Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған. Экс-министр жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтейтін болады. Оның туысы Бақытжан Байжанов туысы төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432-бабында көзделген аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды.