Қосымша бөлінген білім гранттары: талапкерлердің тізімі жарияланды
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 қыркүйек, 2024
- 440
Білім гранттарына ие болған талапкерлердің тізімі шықты. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры сайтында 792 гранттың иегерін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Олардың қай санаттар бойынша бөлінгені белгілі болды.
"11 қыркүйекте "Қазақстан халқына" ҚҚ басқармасы 2024 жылға арналған білім гранттарына ие болған талапкерлердің тізімін бекітті. Биыл қайырымдылық бағдарламасы аясында 850 грантты бөлу үшін 93 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындары (ЖОО) таңдалды. 2024 жылдың 1 мен 17 тамызы аралығында білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары бағдарламаға қатысуға ниетті үміткерлердің өтініштерін қабылдады", - делінген хабарда.
Санаттар бойынша бөлінген 792 өтініш берушінің түпкілікті тізімі қалыптастырылды:
1. 3 өтініш беруші (0,4 пайыз) – 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары;
2. 168 өтініш беруші (21,2 пайыз) – жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3. 149 өтініш беруші (18,7 пайыз) – ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан үміткерлер;
4. 177 өтініш беруші (22,4 пайыз) – мүгедектігі бар азаматтар;
5. 295 өтініш беруші (37,3 пайыз) – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасында тәрбиеленіп отырғандар.
"Қазақстан халқына" қорының білім беру гранты тегін, күндізгі бөлімде оқудың барлық кезеңіне бакалавр дәрежесін бере отырып, жылына 1 миллион теңгеге дейін жоғары білім алу құнын өтейді. Сондай-ақ грант иелеріне жазғы демалысты есепке алмағанда жылына 10 айға 40 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы стипендия төленеді. "2022 жылы бағдарлама іске қосылғаннан бері 3117 студент қолдауға ие болып, оның 517-сы оқуын сәтті аяқтады. 2022 жылдан бастап бағдарламаны жүзеге асыру барысында Қор студенттердің оқу ақысы мен шәкіртақысын төлеуге 4,8 млрд теңге бөлді", - делінген хабарда.
"Қазақстан халқына" қорының білім гранттары иегерлерінің тізімін қордың сайтынан қарауға болады.