Ақтөбенің бірнеше тұрғын алабында су бұру арналары салынып жатыр
- автор kyn.kz
- 13 қыркүйек, 2024
- 148
Бірінші нысандағы жұмысты «ZNS Group» ЖШС жүргізуде. Ұзындығы 3,5 шақырымдық канал Құрашасай және Қанағат тұрғын алаптарындағы еріген қар суын бұруға арналған.
«ZNS Group» ЖШС мердігер ұйымы директорының орынбасары Александр Лисицкийдің айтуынша, каналдың құрылысы 2023 жылы басталды.
«Құрашасай мен Қанағат тұрғын алабындағы үйлерге көктемгі су тасқыны кезінде қауіп төнді. Бұл мәселені шешу үшін былтыр айналма каналдың құрылысы басталды. Біз жұмыстың басым бөлігін бітірдік. Осы каналдың арқасында биылғы жылы аталған тұрғын алаптарында орналасқан үйлер су басудан аман қалды. Қазір топырақты тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың арқасында еріген қар суы елді мекендерді айналып өтіп, Жіңішке өзеніне құйылады», - деп түсіндірді Александр Лисицкий.
Компания айналма су арналарын «Жаңа қоныс-3», «Шестихатка», «Думан», «Сая», «Мағаджан» және «Көктем» секілді тағы алты тұрғын алабында салуда. Биыл су басқан бау-бақша ұжымдарына ерекше назар аударылады. Қазір еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар «Ақтөберентген-14, 16», «Зеленстрой-1, 2», «АЗХС-1, 5, 3», «АЗФ-1, 2» СҰ өткізілуде.
Қаланы аралау барысында Асхат Шахаров Есет батыр шағын ауданын айналып өтетін арық құрылысын да қарап шықты. Көктемгі су тасқыны кезінде Есет батырдағы екінші ықшам ауданның бір бөлігі зардап шекті. Су жолға шығып кеткен. Қазіргі уақытта мұнда жерасты арығы және ұзындығы 950 метр ашық арна жабдықталуда. Құрылыс бойынша еріген су Қарғалы өзеніне бағытталады.
«Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Ақтөбе су қоймасын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – стратегиялық нысан. Осы көктемде су қоймасы үлкен су ағынын ұстап қалды. Оның қауіпсіздігін одан әрі нығайту, сондай-ақ төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында біз оны қайта құруды бастадық. Сонымен қатар, су қоймасының түбіндегі шөгінділерді тазарту жұмыстары жүргізіледі. Қалада және бірқатар ауылдарда бөгеттер жөнделіп, көпірлер нығайтылуда. Облыс бойынша 22 жоба бар, оларға 2,8 миллиард теңге бөлінді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды тиімді үйлестіру үшін біз халықпен кездесіп, ақсақалдармен кеңесе отырып, жүргізудеміз», - деді облыс әкімі.
Су бұру арналарының құрылысы мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары қыс мезгіліне дейін аяқталады деп жоспарлануда.