«Үйден қуып жіберді»: Атырауда 15 жастағы жүкті қызды өзін зорлаған жігітке тұрмысқа берген
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 қыркүйек, 2024
- 417
Әлеуметтік желіде атыраулық жасөспірім 20 жастағы жігіттің өзін зорлағаны туралы жазба қалдырған. Айтуынша, оған күшпен тұрмысқа шыққан, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Сондай-ақ, жүкті болғанына қарамастан, некеде зорлық-зомбылықтың жалғасқанын айтты. Полицейлер бұл істі тексеруге кірісті. Екінші рет тергеу жүргізіліп жатыр.
Қыздың анасы бірден полицияға арыз түсірген. Алайда, біраз уақыт өткен соң жәбірленушінің үйіне жігіттің туыстары келіп, қызға тұрмысқа шығуды ұсынған. Олар қызды толық қамтамасыз ететіндерін және оқытып, білім беретіндерін уәде еткен. Құдалар «Біз оны өзіміз оқытамыз, ешқандай қиындық болмайды» деп қыздың ата-анасына сөз берген.
«Қазір жүктілігімнің төртінші айындамын. Емханаға тіркелу өте қиын болды, себебі аймақтық дәрігер кәмелетке толмағанымды біліп, полиция шақырмақшы болды. Енем келіп, бұл мәселені реттеді. Ұлын құтқарды. Ол маған қол көтеріп, итеріп жіберді, тіпті ұлына да мені ұруды бұйырды, неше түрлі ауыр сөздер айтты... Мен өз міндеттерімді орындадым, бірақ мені үйден қуып жіберді. Анам бұл жағдайды естігенде ауруханаға түсті», – деп баяндады қыз.
Оның айтуынша, өзі көпбалалы отбасынан шыққан, сондықтан адвокат жалдауға мүмкіндігі жоқ. Бар үміті полицияның істі қолға алып, толық тергеу жүргізуінде.
Осы оқиғаға байланысты Атырау облысының полиция департаменті тергеу жүргізілетінін хабарлады.
«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеудің бастапқы кезеңінде жәбірленуші тарап қажетті сот-медициналық және психиатриялық сараптамалардан өтуден бас тартты. Бұл қылмыстың толық құрамын тергеп-тексеру мақсатында кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуге кедергі келтірді. Әлеуметтік желілерде таратылған мәліметтер тексеріліп, тергеу қайта басталады», – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаменті.