Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларды қалай қызықтырады: прокуратура астаналықтарға ескерту жасады
- автор kyn.kz
- 25 қыркүйек, 2024
- 77
Әдетте, олар жеңіл пайдаға қызығатын түрлі жастағы азаматтарды қамтиды. Ұйымдастырушылар жұртты қандай тәсілдермен қызықтыратыны туралы белгілі болды. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана прокуратурасын сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры Аслан Мәди айтып берді, деп хабарлайды Kyn.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың басынан бастап қала аумағында 10 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды.
«Көбінесе клиенттерді тарту мақсатында арамниеттілер көп деңгейлі маркетинг құрылымын пайдаланады. Инвесторлар жаңа адамдар шақырып, олардың салымдарының пайызын алып отыруы мүмкін. Қатысушылардың негізгі табысы компанияның нақты инвестициялық қызметі есебінен емес, жаңа салымшыларды тарту есебінен құрылады. Инвестиция салу кезінде клиенттерге ақшаның қабылданғанын растайтын құжаттар берілмейді, салым сомасы жеке кабинетте «цифрлық түрде» көрсетіледі, шарт жасалмайды, яғни клиенттің салынған ақшаны алу мүмкіндігі жоқ. Компанияның жұмысы жасырын жүреді. Компания өкілдері кірістердің қалай өсетінін, салымшылардың ақшалай қаражаттары қандай инвестициялық алаңдарда орналасатынын түсіндіре алмайды. Интеллектуалды робот кірісті арттырумен айналысады», – деді спикер.
Мысал ретінде ол «Eolus Kazakhstan» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты қылмыстық іс туралы айтып берді. Сотталған азаматтар жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу арқылы пайда табу сылтауымен салымшыларды тартқан. Ол кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырылды.
«Инвесторлардың қаражаты төмен бағада тауарлар сатып алу үшін тартылып, сол сияқты жоғары бағада сату арқылы пайда әкелетін басқа да фактілер бар. Бүгінгі таңда елорда аумағында аталған ФП құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты 4 қылмыстық іс аяқталды», – деді Аслан Мәди.
Прокуратура өкілі қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін заңнамада мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салды.