Экономика
Сайрамдағы сүт және жеміс, көкөніс өңдейтін кәсіпорындар заманауи құрылғылармен қамтылуда
- автор kyn.kz
- 7 тамыз, 2024
- 111
Сайрам ауданында Түркістан облысының бірқатар өндіріс орны шоғырланған.
Ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «TAYIBA» сүт өңдеу зауытының жай-күйімен танысты.
Бұл зауыт бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі ғана өнім шығарып жүрген. Кейін кәсіпорын иесі цехты кеңейтуді қолға алған. Ақсукент ауыл округіндегі кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, биыл шілде айында іске қосылған. 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын бұрын күніне 10 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарған. Бүгінде әлеуеті көтерілді.
Сұраныс болса, тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерінің 10-12 түрін шығарылуда. Айран түрлері мен қаймаққа, құртқа сары май және өзге де өнім түрлері қосылған. Өндірістегі барлық құрылғылар мен құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия мемлекетінен жеткізілген. Шикізат жергілікті шаруалар және фермерлерден және аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтардың көмегімен бақыланады. Өндірісте сүтті қайнатып, өңдейтін вакуумдық цифрландырылған құрылғы қойылған. Өнімдер мұздатқыш камераларда сақталады.
Өңір басшысы осындай зауыттар мен цехтарды көбейтіп, ауылдарды осы зауыттарға шикізат жеткізуге мамандандыру қажет екенін айтты.
– «Ауыл аманаты» және өзге де қолдау тетіктері бар. Тұрғындарға түсіндіріп, көмектескен жөн. Сүтті, етті, көкөніс пен жемісті терең өңдейтін зауыттар көп болса, өңірдің өндірістік әлеуеті көтеріледі. Екіншіден, аулы тұрғындары да өз өнімдерін тиімді бағада өткізе алады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға терең өңдеуге бейімделген кәсіпорындар ашуға басымдық беруді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы «GLOBUS PLUS» ЖШС ауыл шаруашылығы көкөніс өңдеу цехымен танысты. Бұл кәсіпорын кәсіпкердің жеке қаржысы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кеңейтілген. Жоба құны – 500 млн теңге. Қуаттылығы тәулігіне 20,0 тонна болатын өндіріс орнында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы көкөніс пен жеміс-жидек консервілерінің түр-түрін шығарады. Шикізат көршілес елдерден бөлек, жергілікті шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындарынан жиналып алынады.
Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтар орнатылған. Өндірісте көкөністер мен жеміс-жидектер қазандықтарда газбен қайнатылып, жұмысшылар күшімен банкілер жабылады.
Облыс әкімі цех ғимаратында өндіріс көлемін ұлғайту және осы бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарымен танысты. Жауапты басшыларға, аудан әкіміне кәсіпкерлерді қолдап, сүйемелдеу жұмысын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Ұқсас жаңалықтар
Экономика
Түркістан облысы балық шаруашылығын дамыту бойынша республикада көш бастады
- авторkyn.kz
- 30 қыркүйек, 2024