«Алданып жүрген жастарымыз бар»: Нұрлан имам мәһр сұрау салтымызға жат екенін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 қазан, 2024
- 345
Желіде Нұрлан имам деп танылған «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, теолог Нұрлан Байжігітұлы көпшілік арасында жиі талқыға түсетін мәһр қазақтың салт-дәстүріне жат нәрсе екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол Айгерім Сейфолланың «Сырласу» бағдарламасында әңгімеледі.
«Мәһр – шариғатта, дінімізде бар дүние, қыздың ақысы. Бірақ біздің дана, дара халқымыз оны қызға қалыңмалмен, ата күші, ана сүтімен берген. Қыз жақ оны баланың киіміне, дүние-жиһазына жұмсаған. Сол мәһр болады. Құдай сақтасын, егер ажырасып жатқан жағдайда қыз артынан келген бүкіл дүниені ешқашан тастап кетпей, өзімен бірге алып кетеді. Демек, ол – мәһр», – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Нұрлан имам мәһрді қазақ қоғамына шетелден араб дүниесін оқып келген азаматтардың әкелгенін айтты.
«Қазақтың өзінің ілімін оқымады, ақсақалдардың мектебінен, аналардың батасынан, қолынан өтпеді. Сол себепті «Мәһр беру керек, оның құны осынша» деп жиі айтып кетті. Бұған алданып жүрген жастарымыз бар. Біліңіздер, біздің салт-дәстүріміз түгелдей шариғаттың талаптарын жапқан», – дейді Нұрлан Байжігітұлы.