1,4 триллион теңге жұмсаған: Антикор спорт министрлігін қатаң сынға алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 қазан, 2024
- 176
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Қазақстан соңғы 6 жылда спортты қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге бөлсе де, әлемдік спорт рейтингінде де, медалдық есепте де төменгі орында, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Агенттіктің тексеру нәтижесінде елімізде спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіретін жүйелі жемқорлықтың бар екені анықтала түсті.
Тек соңғы 6 жылда спорт саласын қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгені құрады.
- 2018 ж. – 165 млрд теңге;
- 2019 ж. – 204 млрд теңге;
- 2020 ж. – 177 млрд теңге;
- 2021 ж. – 223 млрд теңге;
- 2022 ж. – 296 млрд теңге;
- 2023 ж. – 340 млрд теңге.
“Бюджеттен биыл және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Қазақстандық спортқа жоғары жетістіктердің ақшалай "құйылу" көлемі осы мақсаттарға бөлінетін Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен бірнеше есе артық”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте:
- 2020 ж. – 83 орын (8 – қола);
- 2022 ж. – 0 медаль;
- 2024 ж. – 43 орын (1 – алтын, 3 – күміс, 3 – қола).
Дүниежүзілік спорт рейтингінде:
- 2014 ж. – 25 орын;
- 2018 ж. – 47 орын;
- 2023 ж. - 42 орын төменгі орындарда.
“Себептердің бірі ретінде мемлекеттік қаражатты ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері негіз болуда. Қаржыландырудағы теңгерімсіздік. Отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты отандық спортшыларды тиімді даярлауға бағытталмаған. Шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударылады. Ал жеке спорттық кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдікті сатып алды. Олардың әрқайсысы кейіннен өз еліне оралды”,- делінген хабарламада.
Ведомство еліміздің өз таланттарын тәрбиелеудің орнына ақшаны басқа елдердің ойыншыларына жұмсайтынын жеткізді. Бұл спортты қаржыландырудағы теңгерімсіздікті растаған.
“Мәселен, Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсаған шығыны жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз (35 млрд теңгеге қарсы 340 млрд теңге). Шетелдерде жоғары жетістіктер спортының негізі болып табылатын бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі. Мысалы, халқы аз Нидерландыда (17,8 миллион) бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындар кәсіби спортқа (246 миллион доллар) қарағанда 2 есе көп (497 миллион доллар). Сонымен қатар, бұл елдің спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуде.
Формальдық көрсеткіштер. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие”, – деп қосты ведомство.
Елімізде әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуі тиіс.
“Жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымал емес және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылады. 2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль жоқ. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өсті.
Мәселен, жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан 44 түрді, қысқы спорт түрлері бойынша – 13 түрді дамытады. Жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60%-ы олимпиадалық емес бағыттарға жатады – 84 (141-ден). Жыл сайын бұл түрлерді дамытуға 18 млрд теңге жұмсалады”, – делінген ведомство хабарламасында.
2023 жылы:
- олимпиадалық түрлерге – 296 млрд теңге,
- олимпиадалық емес түрлерге - 18,
- өзге шығындарға - 11 млрд теңге жұмсалған.