«Әбден басқа шауып, төске өрледі»: Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға толық тыйым салуды талап етті
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 қазан, 2024
- 463
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ мен феминита қауымдастығына қатысты мәселе көтерді. Ол осы бойынша премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол ЛГБТ мен феминита қауымдастығы қазақ жастарының болашағына балта шапқысы келетін ұйым екенін атап өтті.
«Қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі», – дейді депутат.
Сонымен қатар, депутат 2 аптада 50 мыңнан аса қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға құқық қорғау органдары араласпағанын айтты.
«Еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?
Сонда қалай?! Әншейінде кез келген мәселені майшаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде «тәртіпті қауқарсыз» бола қала ма? «Малғұннан асқан мыстан жоқ, Азғыннан асқан дұшпан жоқ» екенін естеріңізге тағы салайын, ендеше», – деді ол.