Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Арланбайды»: Ақбота Керімбекова Республика сарайының сахнасында ән салған Мұрат Әбділдәні сынады

«Арланбайды»: Ақбота Керімбекова Республика сарайының сахнасында ән салған Мұрат Әбділдәні сынады
Сурет: oinet.kz
Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей

Әнші Ақбота Керімбекова Республика күніне орай өткен концертте үлкен сахнаға шығып ән айтқан блогер Мұрат Әбділданы сынады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оның көп қазақ әншілерінің арманы болған Республика сарайында ән салғанын сорақылыққа жатқызды.

 “Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбілда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады. Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында! Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан қарағанда оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Менің айтарым басқа”, – деді ашуланған әнші.

Ақбота Керімбекова бұл мәселеде үнсіз отырған әріптестеріне де ренішін жеткізді. Ол блогердің үлкен сахнаға шығып ән айтқанына қынжылды.

“Республика сарайының сахнасы Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған. Ол сахнаға шығу үшін бізден мың есе лайық әрі таланттырақ адамдар тағдырын арнады ғой, біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, зорға шығамыз. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?! Әріптестеріміз де үнсіз отыр. Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей. Арланбайды. Мәдениет саласының ары да, намысы да – сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады”, – деп жазды өнер иесі.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар