Жамбыл облысында екі ағасы қарындасын зорлаған: іске қатысты тың деректер шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 31 қазан, 2024
- 272
Жамбыл облысында екі ағасынан зорлық көрген қызға қатысты іс бойынша тың деректер шықты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірдің полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігімен (жас балаға қатысты зорлау әрекеті өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады) қылмыстық іс қозғалған.
"Қылмысты жасаған екі күдікті анықталды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бір күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды", - деп жазылған полицияның жауабында.
Дегенмен екінші күдіктіге іздеу жарияланған, полиция оны ұстау бойынша қажет іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Оқушының өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшін мектеп қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған полиция жауабында. Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының бақылауында екені хабарланды.