Фембике Айгерім Құсайынқызы: «Нұрикамал» тоқалдықты заңдастыруға тырысқан фильм
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қараша, 2024
- 387
Танымал фембике, заңгер Айгерім Құсайынқызы «Нурикамал» фильмін тоқалдықты заңдастыруға тырысқан туынды екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, «Нұрикамал» фильмі «өнер адамына» деген кіршіксіз махаббат жайлы емес, қазақ әйелінің өмірін құнсыздандыру. Фембике «Нұрикамал» фильмін көріп біткенше ашуға булыққан. Бұл туралы ойын ол 98mag.kz сайтына бөлісті.
«Қазір кинотеатрларда көпшілік Жұбаныш Жексенұлы арқылы таныған «Нурикамал» әнінің шығу тарихын баяндайтын фильм көрсетіліп жатыр. Бұл фильм бұрынғысынан өзгерек пе, әлде әйелге қалай өмір сүрген дұрыс екенін «жақсырақ білетін» еркектердің кезекті шатпағы ма? Осы сұрақ жетелеп, кинотеатрға тарттым.
Бірден айтайын, фильм бойы ашуға булығып отырдым. Бұл фильм «тоқыраудан әбжен қажыған өнер адамына» деген кіршіксіз махаббат жайлы емес, бір әннің тарихымен «тамсандырған» драма емес, жанқияр қазақ әйелінің аянышты өмірін жалпақ жұртқа жария еткен, әйел өмірі еркектің қалауы мен арманынан төмен екенін кезекті мәрте еске салған трагикомедия болды.
Бұл фильмге он бір кітап жазған ақын, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысқан қайраткер Ханбибі Есенқарақызының басынан өткен жайт арқау болған. Ханбибі ақын шығармашылық тоқырауда жүрген композитор күйеуі Тұрдықылыштың жас қызға ғашық болып қалғанын біледі. Іші удай ашыса да, күйеуінің «жап-жас музасына» арнап шығарған әніне өлең жазып береді. Сөйтіп осы оқиғаны естіген еркек cценарист пен еркек режиссер күйеуі үшін өзін «құрбан еткен» әйелдің «ерлігі һәм даналығы» жайлы фильм түсірген.
Әлі күнге дейін қазақ әйелінің құқығы мен мүмкіндігі, арманы мен ерік-жігері ерлермен тең болсын деп күресіп жүрген қазіргі уақытта шыққан мына фильм қазақ әйелінің өмірін құнсыздандыратын үлкен қадам болды.
Фильмдегі проблематик дүниелер бастан асады. Режиссер бірнеше кейіпкер арқылы дәл қазір ашық алаңдар мен биік трибуналардан айтуға дәті бармайтын көнерген нарративті көлденең тартады: әйелге «мінсіз еркек жоқ», «шыдашы енді, шыда» дейді, «міндетсінбе» дейді. Бас кейіпкердің «Кетіп қалғым келді» деген сөзіне «Қайда?» деген сұрақ қойылады. Біздің қоғамда бұл — сұрақ емес, зілді жауап. Қамыққан, шаршаған, сезімін ішке бұғып қажыған әйелге айтылатын сөз. «Қайда?» деген сұрақтың жауабын әр қазақ қызы біледі. «Жат жұрттықсың» деген жауыр сөздің астарында «сенің қайтып келер жерің жоқ» деген ой жатыр.
Фильм соңында залдан «Бұл фильм Ханбибінің ерлігі» деп аталуға тиіс еді» деген пікір естіп қалдым. Авторлардың көздегені де осы болса керек. Бұл фильмде ақынның әрекеті неге «ерлік» емес?
Еркектер сіңірген түсінік бойынша, сен халқың сүйген дарынды әйел болсаң да, үйдегі ерің үшін өзіңді ұмытуға тиіссің, оның шығармашылығы үшін бәріне шыдауға міндетті адал жарсың, бірге тапқан үш қызға жалғыз қарайтын қамқор анасың. Өзге әйелге көңілі ауған күйеуіңнің шабыты үшін бәріне көнуге міндеттісің, ұл сүймеген отағасын қуанту үшін опасыздықты кешіруге тиіссің. Көпшілік ұлықтайтын «ерлігің» де, «даналығың» да — сол болмақ.
Қазақ әйелі болып дүниеге келген соң, зарың мен налың сені қанша тұншықтырса да, «өнер адамы» атанған жарың үшін өзіңді ұмытуың керек, үй мен жұмыс арасында бала тәрбиесімен айналысып, сол үшін ақы да сұрауға хақың да жоқ. Себебі сен «әйел болып жаратылғансың».
Тарих дерсіз, шынайы оқиғаға негізделген екі әйелдің достығы жайлы дерсіз. Алайда әр фильмде идеологияның инедей астары болғандықтан, бұл фильм дәл қазір қазақ қоғамындағы еркектің «екінші отбасы» немесе тоқалдықты заңдастыруға талпынған әрекет болды.
Қазақстанның Неке және отбасы кодексіне сәйкес, еркектің екінші отбасы заң тұрғысынан мойындалмайды. Бірақ екінші отбасы бар, тоқалы бар бір еркекті болсын танитын шығарсыз? Танитыныңызға күмәнім жоқ.
Мұндайға көз жұма қарау неге бізге оңай дейсіз ғой? Әйел ұл таппаса, ерінің артынан тұяқ қалдырмады деген сөзге қалатын, оны трагедия көретін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлды болғысы келіп, жас әйелмен некесіз тұрғанын мойындаған экс-президенттің әңгімесі мен оған көпшіліктің ұстамды реакциясы біраз нәрседен хабар береді. «Нурикамал» фильміндегі ақын әйелдің күйеуінің «музасына» «оған ұл тауып бер» деген өтінішін «даналыққа» балайтындар барда бұл картина көпшілікке қауіпті болып көрінбейді.
Әйел құқығын қорғаушылар осы бір қоғам дертімен қалай күресеміз деп жүргенде тозған түсінікті дәріптейтін тарихи фильмнің шығуы қоғамға қауіп төндіреді. Маған тас лақтарсыңыз да, тырнақ астынан кір іздейтін шайпау фембике десеңіз де, шындық — осы.
«Сұлу әйелді көргенде ақылды әйелді аяп кетемін» дейді ақын Қадыр Мырза Әли. Ақылсыз әйел жоқ. Әйелдерге ақылды не ақылсыз деп бөлуді ойлап тапқан — еркектер. Олар әйелдің ақылын немен өлшейтінін түсінген боларсыз?
Бірақ фильмді әйелдердің қалай қабылдағанына қарап, жанқияр әйел бейнесі өткен ғасырдың еншісінде қалып бара жатқан сияқты деген ой түйдім. Ал «Нурикамал» фильмі өткенді аңсайтын еркектердің соңғы реквиеміндей көрінді.
Мәселен, TikTok-та осы фильмнің промосына жауап ретінде түсірілген ондаған қысқа видеоны қараңыз. «Нурикамалдан» шыққан жас қыздардың бірнешеуі «Күйеуім тура осылай «шабытымды өзге әйелден таптым» деп келсе, әніне өзінің қанымен өлең жазып берер едім» дейді. Патриархаттың үстемдік құрғанын қалайтын еркектер Ханбибінің «ерлігін» әлі біраз ұлықтап, оның «даналығын» Нурикамалдай қыздарға қырындағанда сылтау етеді. Бірақ онысы көпке созылмайды деп кәміл сенемін.
«Шын өмірде композитор Нурикамалдың қолынан да ұстамаған, демек оның сұлулығынан тек шабыт алып, муза тұтқан» деп өнер адамдарының отбасы құндылықтарына қайшы келетін әрекеттерін ақтап алуды қоюымыз керек.
Әйелдерді жүйелі түрде қанап, жаншып келген патриархаттың салдарын көрмеу — қып-қызыл көрсоқырлық. Фильмнен әйелді қорлаған не әйел ретінде намысыңызға тиген ешбір эпизод көрмесеңіз, қайғыңызға ортақпын. Бірақ бұл — сіздің таңдауыңыз, ал мен таңдауыңызға құрметпен қараймын.
Бейбіт күндері қазақ қоғамында құрбандыққа оңай шалынатын — әйел өмірі, таңдауы, талғамы мен таусылмас тағаты. Қуантарлығы — тағатымыз таусылуға жақын. Фильмге айтылып жатқан сын мен айып біз патриархаттың жаназасын шығаратын уақыт таяп қалғанын білдіреді. Әрине, патриархаттың парша-паршасын шығару қиын, оны тек әйелге тән «шыдамдылықпен» шайқалтуға болады», - деп жазды фембике.
Ұқсас жаңалықтар
«Бөтенге ақша шығарыңыз!»: Баян Мақсатқызы көпшілікке үндеу жасады
- авторТомирис Тоныкөк
- 4 желтоқсан, 2024