Алматыдағы автобус апаты: сотталушы өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қараша, 2024
- 251
Алматының Алмалы аудандық сотында осы жылдың маусым айында адам өліміне әкелген автобус апатына қатысты ашық сот отырысы өтті. Жол апатының салдарынан бір адам қаза тауып, 25 жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес, айып тағылды. Айыпталушы бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан және бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2024 жылы 26 маусымда "Kia Sportage" көлігін тізгіндеген жүргізуші Масанчи көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқан. Сағат 13:55-те Мақатаев көшесінің қиылысына келіп тоқтаған "Kia Sportage" көлігінің жүргізушісі 2.4 "Жол бер" жол белгісіне мән бермей, Мақатаев көшесіне шығып кетеді. Сөйтіп автобуспен соқтығысқан.
“Автобус соқтығыстың салдарынан бағдаршамға соғылып, тротуарға шығып кеткен. Сөйтіп дүкенге соғылған. Апат салдарынан автобустағы жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Жарақат алған жолаушылар медициналық мекемеге жеткізілді”, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сондай-ақ прокурор сотталушының жол ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болғанын атап өтті. Осылайша, айыпталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланды.
Сотталушы сол күні үйіне бара жатқан. Ол төрт айлық қызын тамақтандыру керек болған.
“Сол жаққа қарап, барлық көліктің өтіп кеткенін күттім. Масанчи көшесінде бағдаршам болмағандықтан, орнымнан қозғала бастадым. Басқа көлікпен соғылғанымды сездім. Бір сәтке есімнен танып қалдым, қауіпсіздік жастығы іске қосылған. Көзімді аша сала автобусты көрдім. Автобусқа барайын десем, есік кілттеніп қалған. Содан есікті итеріп шықтым. Қарасам, адамдар бірден маған қарай жүгірді. Шок күйде болғаныма қарамастан бірден автобусқа беттедім. Жедел жәрдем шақырып, соңына дейін сонда болдым”, – дейді айыпталушы.
Сараптама нәтижесі көрсеткендей, жеңіл көлік жүргізушісі сағатына 20 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Сондай-ақ сотталушының 9 жыл көлік жүргізу тәжірибесі бары және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны ескерілді.
Сотталушы Сартаева өз кәнісін мойындап, жол апатынан зардап шеккендерден кешірім сұрады.
“Жәбірленушілерден кешірім сұрағым келді. Бұлай болғанына қатты өкінемін. Өкінішімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Орны толмас қаза екенін түсінемін. Сіздерге қайғырып көңіл айтамын. Болған жағдай маған да қатты ауыр тиді. Мені кешіріңіздерші. Мұндай қасіретті бастан өткермейсіздер деп үміттенемін. Күн сайын марқұм үшін дұға етемін. Сондай-ақ барлық зардап шеккен жолаушылардан кешірім сұраймын. Сіздерде барлығы жақсы болсын”, – деп
“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушының туыстары барлық жәбірленушімен кездесіп, келтірілген шығынды толығымен өтеді. Жол апатынан қаза тапқан жолаушының жақындары кешірімді қабылдап, материалдық шығынды алудан бас тартты”, – деді сотталушының адвокаты.
Айта кетсек, автобус апатына қатысы бар күдікті продюсер Анель Сартаева екі айға қамауға алынып, 2 шілде күні сот үкімінің күші жойылып, үйқамаққа жіберілді.