«Перизат Қайрат колледжде ұрлықшы болды»: Оқу орындары түсініктеме берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:20
- 76
Cу тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінген “Biz birgemiz” қорының негізін қалаушы Перизат Қайратты қаралайтын деректер әлеуметтік желіде таралып кетті. Соның бірі – Перизаттың өзі оқыған колледж жатақханасында телефон ұрлап, оқудан шыққаны туралы ақпарат тарады. “Маңғыстау өнер колледжі” мен Эстрада-цирк колледжіне желіде тараған ақпараттың рас-өтірігін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Stan.kz-ке сілетеме жасап.
“Маңғыстау өнер колледжі” МКҚК Қасенғалиева Перизат Қайратқызының оқу орнына 2006-2007 оқу жылы “Хорда дирижерлік ету” мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданғанын мәлімдеді. Кейін 2008 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне ауысып кеткен.
Алайда оның басқа оқу орнына не себепті ауысып кеткенін айтудан бас тартты.
Екі оқу орнында да Перизат Қайрат бір жыл, бір жылға жетпейтін уақыт оқыған.
Сондай-ақ Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжі Перизат Қайраттың оқудан шығып қалғанын растады.
“Колледж мұрағатынан Перизат Қайрат (Қасенғалиева) туралы келесі мәліметтер табылды. Қасенғалиева Перизат – 2008 жылы ақпан айының екінші жарты жылдығынан бастап, Маңғыстау өнер колледжінен ауысуына байланысты 1-курс “Жеке ән салу” бөліміне бюджеттік оқу түріне қабылданған. “Жеке ән салу” бөлімінің 2-курс студенті Қасенғалиева Перизат 2008 жыл қазан айының 24-нен бастап өз еркімен оқудан шығарылған. П. Қасенғалиеваға академиялық анықтама берілген”, – деп мәлімдеді колледждің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, желіде Перизат Қайратпен бірге бұрын бір колледжде оқыдым деген бейтаныс қыздың видеосы тарады. Ол өзінің эстрада-цирк колледжінде Перизат Қайратпен бірге оқығанын алға тартты.