Алматыдағы автобус апаты: "5:32" сериалының продюсеріне үкім шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 қараша, 2024
- 507
Алматыда адам өліміне әкеп соқтырған автобус апаты бойынша "5:32" сериалының продюсері Әнел Сартаеваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жол апаты салдарынан бір адам көз жұмып, 25 жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Айыпталушының ісі бойынша негізгі сот процесі қысқартылған тәртіпте өтті. 28 жастағы Әнел Сартаева өз кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, тергеу кезінде оның туыстары жол апатынан зардап шеккендердің барлығына шығынды өтеді.
Сотта әйел өзінің кішкентай баласы бар екенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Қайтыс болған жолаушының ұлы сотта айыпталушы кешіріп, оған ешқандай талап қоймағанын жеткізді.
Іс бойынша прокурор айыпталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот іс материалдарын зерделеп, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып (тоғыз айлық баласының болуы, шын жүректен өкінуі және бұрын сотталмағандығы), айыпталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы шешім шығарды.
"Айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындау. Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес үкімді орындауды бала 3 жас 9 айға толғанға дейін 3 жылға кейінге қалдыру," – деп үкімді оқыды судья.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, маусым айында KIA автокөлігінің жүргізушісі Мақатаев көшесінен оңтүстікке қарай бағыт алып бара жатып, 18-маршруттағы автобуспен соқтығысқан болатын. Жол апаты салдарынан 25 адам жарақат алып, бір жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Жарақат алғандардың арасында 14 пен 16 жас аралығындағы үш жасөспірім болған.