«6 айлық есептік есептен аспайды»: «Отбасы банк» басшысы топ-менеджерлерге қанша сыйақы берілетінін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 желтоқсан, 2024
- 140
Үкіметтің баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимоваға «Отбасы банк» ТОП-менеджерлеріне сыйақы немесе бонус ретінде ақы беру үшін қанша қаражат бөлінетіні туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Жоқ, берілмейді. Бонус, сыйақымыз – алты айлық жалақымыз келесі 2025 жылы маусымда аудиторлық есепті тапсырғанда табыс болса ғана аламыз. Оған дейін көп көрсеткіштер бар. Соған жету керек», – деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар ол биылғы жылы банк басшылары, қызметкерлері бонус немесе сыйақы алды ма деген сұраққа да жауап бере кетті.
«2024 жылы аудиторлық есепті жапқанда банктің табысы 149 млрд теңге болды. Екіншіден, бүкіл жоспар бойынша несие беру, депозитті жинау көрсеткіштерін жасадық. Содан маусым айында алдық», – дейді Ләззат Ибрагимова.
Банк басшысы қанша бонус берілетіні жайында ашып айтпады.
«Квазимемлекеттік секторда басты талаптың бірі – компания табысты болып, жоспарларды орындауы керек. Әрбірінің жоспарында жеке көрсеткіш болады. Бізде мәселен, талаптар 10 КРІ-ден тұрады. Биыл басты КРІ-дің бірі “Наурыз” бағдарламасы болды. Сол коэфиценттердің бәрі бағаланады. Кейін аудиторлық есеп жасалады. Олар қол қойылғаннан кейін сол көрсеткіштер негізінде маусым айында беріледі. Сыйақының мөлшерін реттейтін Үкімет қаулысы бар. Жылдық бонустың мөлшері 6 айлық есептік есептен аспайды», – деді Ләззат Ибрагимова.