Петропавлда көзіне пышақ қадалған сәбидің анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 желтоқсан, 2024
- 154
Петропавлда көзіне пышақ қадалған сәбидің анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, жарты миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе 40 тәулікке қамалуы мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Істің мән-жайын жан-жақты зерделеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», - дейді СҚО ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы Нұрбек Баекин.
Еске салсақ, 19 қазан күні үш жасар бүлдіршіннің көзіне пышақ кіріп кеткен. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы әлі де ауыр. Анасының айтуы бойынша, баласы ойнап жүріп орындықтан пышақтың үстіне құлаған. Ауруханаға ес-түссіз жеткізілген кішкентай науқасқа дәрігерлер бірнеше ауыр диагноз қойып отыр. Өйткені баланың бас сүйегі зақымданып, сол көзі жараланып, миына қан құйылған. Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.