Ақмола облысында бір-біріне соқтығысқан көлік саны 100-ге жуықтады
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 қаңтар, 2025
- 275
Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан автокөліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар “Астана-Петропавл” автожолының (18-232 км) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен “ҚазАвтоЖол” арнайы техникамен ұйымдастырылды.
Алайда, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен “ҚазАвтоЖол” мамандары жұмыс істеп жатыр. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын бастады. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған. Қазіргі уақытта көрсетілген жол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына қайта шектеу қойылды. Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео тарады. Видеода ондаған көлік соқтығысып, бір-біріне “жабысып” қалғанын байқауға болады. Оқиға Астана - Щучинск тасжолында болған. Бастапқыда 40 көлік жол апатына түскені туралы ақпарат тарады. Мұны өңірдің Полиция департаменті растады.