Павлодарда қыз соққыға жығылды: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 қаңтар, 2025
- 624

Павлодарда үйіне қатарлас қыздарды шақырып алып, аямай ұрып-соққан оқушы қыздың ата-анасы жауапқа тартылды. Жасөспірімнің әлеуметтік желіге жариялаған видеосы көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Ол тікелей эфирге шығып, бөлмесінде отырған қыздарды ұрып, теуіп жатқан. Бірақ таяқ жеп жатса да, ешбірі оған қарсылық көрсетпейді. Кейін видеожазбаны мақтанышпен өз парақшасына жариялапты. Тәртібі нашар жеткіншек арнайы есепке алынды.
«Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған заңды өкіліне кепілгерлігімен тапсырылды. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін оның заңды өкілі жауапқа тартылды. Жасөспірім профилактикалық есепке алынды. Павлодар қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді», - деді Павлодар облысы ПД ресми өкілі Жанар Біләлова.