«Қапыда ерте кеттіңіз-ау»: Ернар Айдар марқұм әкесін еске алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 қаңтар, 2025
- 926
Белгілі әнші Ернар Айдар марқұм әкесіне арнап жазба жариялады. Оған деген сағынышын жеткізіп, өлең жолдарын жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өткен жылдың аяғында әкесінен айырылып қалған еді. Ол марқұмның турашыл және жан-жақты болғанын айтып, естелігімен бөлісті.
“Барлық жұмыстарымды әкеммен ақылдасатынмын, себебі әкем жан-жақты және турасын айтатын. Әкеммен ақылдасу, маған үлкен шабыт, сенімділік сыйлайтын. Барлық ән кештерімнің алдында, үйде әкеме кішігірім концерт қойып беретінмін. Әкем сонда әндерімнің, киімдерімнің, сөйлер сөздерімнің артық-кемін айтып, ақ батасын беретін еді. Қапыда ерте кеттіңіз-ау, әкешім, сізді сағындым. Алланың бұйрығын қабылдайды екенсің, көнеді екенсің, бірақ өте қиын екен", – деп жазды әнші.
Өнер иесі әкесіне өлең арнап, оған деген сағынышын білдірді.
"Сонымен құладың ба, тас қамалым?
Қалмады күйініштен басқа амалым.
Зиратың аяқ асты болмасын деп,
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.
Шынымен құладың ба, шым қорғаным,
Шынымен өртендің бе, нулы орманым?
Әке, сенің өміріңді жалғамасам,
Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!", – деп өлең шумақтарын жазды.