Ақтауда 15 жасар оқушыны қатарластары жабылып сабаған
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 ақпан, 2025
- 2.1k

Оқушылар озбырлығы өршіп барады. Ақтауда 15 жасар оқушыны қатарластары жабылып сабап, денесін көк ала қойдай қылған. Ауыр жарақат алған жасөспірім қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Қатар сыныптағы оқушылармен келіспей қалып, №15 үйдің қасында осындай жағдай болған. Бала болған соң, жасөспірімдер себебін айтпай отыр. Мектеп ішілік есепке алдық, психологтармен сөйлестік. 11 шағынауданның инспекторын шақырып, түсіндіру жүргізілді, балалармен де, ата-аналарымен де», - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Нәзира Ақбержанова.
Оқушылар арасындағы төбелес қаладағы №10 мектепте болған. Қазір сыныптасын ұрған үш жасөспірім жауапқа тартылып, мектеп инспекторының бақылауына алынды.
Таяқ жеген бала бұл білім ошағына жақында ғана ауысып келген дейді директор. Бір апта болмай жатып жаңа оқушыны бөтенсіген балалар әлімжеттік жасаған. Осы оқиғадан кейін полиция департаменті озбыр оқушылар мен олардың ата-анасын бөлімшеге жеткізді. Қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
«Құқық бұзушылыққа қатысы барлардың ата-аналары немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі қаралады. Материал кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға әзірленуде. Барлық кінәлілер профилактикалық есепке қойылады», - дейді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.