Дулат Исабековтің асында мемлекеттік сыйлық сұрады: Ханбибі Есенқарақызы өзін айыптағандарды сотқа берді (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 наурыз, 2025
- 142

Ақын Ханбибі Есенқарақызы өзі туралы Дулат Исабековтің асында мемлекеттік сыйлық сұрады деп кінәлағандарды сотқа бергенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ханбибі Есенқарақызының айтуынша, баспагер Бақытжан Бұқарбай жазушы Құлбек Ергөбектің ойын жазған.
«Сонымен, «Сүйекші-Құлбек» мен туралы: «Дулат Исабеков мақтаған прозалық шығармама Мемлекеттік сыйлық бермедіңіздер» деп қара қазандай өкпесін қаралы жұрттың алдына ақтара салды», дейді. Ал адамды бір жалалы сөзбен «жексұрын» етіп көрсете салудың бұдан асқан формасы бола ма? Оның осы ойын алғаш жариялаған Бақытжан Бұқарбаевтың жазбасына 120 мың адамның лайк басқанын қайдан білді екен, ә? Бақытжанның мені қаралаған постына жүздеген адамдар коментарий берген соң, ол саябырлаған. «Қарт сүйекші» оған қанағаттанбай, өзі қолына қаламын алып, жігерленіп, ышқынып айтқан сөзін Ютуб каналынан оқытқанда, адамды жәбірлеудің түрлі тәсілдерін терең меңгергендігін өздеріңіз тыңдадыңыздар», - деді ақын.
Өзіне жала жапқандарды сотқа берген ақын әркімнің өз қатесін мойындағанын қалайтынын жазды.
«Маған біраз лауазымды, құрметті адамдар телефон соғып, үндеме, баяғы «ит үредіні» айтып, бірі «Рамазан айында айтыспа», оның кім, сенің кім екеніңді халық біледі», деп басу айтқанмен, менің ар-ожданыма түскен дақты, жапқан жаланы өзімнен өзге ешкім қорғай алмайтыны белгілі . Сотқа бердім. Сот процесінде авторлар өз қателескенін мойындаса, екі жақты келісімге (медиация) келу мүмкіндігі бар екендігін хабарлады. 120 мың оқырман «біліп-білмей» жазған қаралау коментарийлері үшін мына видеоны назарларыңызға ұсынамын. Соңғы сөз сіздерде», - деді ол.