Халық жұмбақ өліммен қайтыс болған шымкенттік әйелдің жеті баласына үш бөлмелі пәтер алып берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 наурыз, 2025
- 680

Шымкентте аналары белгісіз жағдайда көз жұмған жеті балаға халық үй алып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жеілдегі парақшасында сүйінші сұрап жазды.
«Айлардың сұлтаны оразада тағы бір қайырымды істі артқа тастадық. Екі апта бұрын кенеттен панасыз қалған 7 бала көмек сұраған еді. Анасы белгісіз жағдайда 3-ші қабаттан секіріп қайтыс болды. Әкесі бұл өлімге күдікті деп қамалды. Баланың үлкені 20-да, кішісі 2-де. Төбесінен жай түскендей сәтте кәмелетке толмаған 5 бауыр мемлекет қарауына өтті. Тарыдай шашыраған 7 баланың басы қосылу үшін үй қажет. Осы жайлы жазғаным сол екен, 2 тәулікте жетерлік қаражат жиылды. Шымкент ортасынан 3 бөлмелі пәтер сатып алып, ересек қызға рәсімдедік. 5 бауырдың басын қосып, бәрі әпкесінің қамқорлығына өтті. Қала орталығы, жайлы аудан, жаңа үй. Аулада 6 мектеп, 4 бақша бар», - деп жазды журналист.
Жазуынша, балалар еш кедергісіз мектеп, бақшаға орналасады.
«Тегін ұсынылған 40-тан аса үйірмеден қалағанын таңдайды. Екі әпкесі де 6 жастан жұмыс істеп үйренген, шаруа таңдамайды. Бірі даяшы, бірі тігінші», - дейді Гүлмира Әбіқай.