Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«40 жылдық тәжірибемде миллионнан аса балақайдың кіндігін кестім»: егіз дәрігерлер мамандықтарының қызығы мен қиындығын айтты

«40 жылдық тәжірибемде миллионнан аса балақайдың кіндігін кестім»: егіз дәрігерлер мамандықтарының қызығы мен қиындығын айтты
kyn.kz
Коронавирус індеті кезінде апалы-сіңілі егіздер өз мамандықтарына деген адалдығын тағы бір дәлелдеді

Дәрігер болуды арман еткен егіз қыздар өскенде мақсаттарына жете білді. Көпшіліктің мейіріміне бөленген егіз қыздар KYN.KZ тілшісіне алғаш рет сұқбат берді.

Кішкентай кезінде олардың бар ойыны тек «аурухана» болатын. Бірі қуыршақтарын орап, анасына ұқсап бесік тербетсе, екіншісі «дәрігер» болып, оларға екпе салып, денсаулығын тексеретін. Әрине, бала қиялы шексіз ғой, алайда егіздер үшін бұл ойын жай ғана ермек емес еді. Бұл – олардың болашаққа ұмтылған алғашқы қадамы болатын. Бүгінде біреуі акушер, екіншісі – балалар дәрігері. Анар және Назипа атты апалы-сіңілі осылайша медицина саласындағы ең маңызды екі бағытты таңдады. 

Егіздер 1960 жылы Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қазір 65 жаста. Медицина саласында үлгілі әрі тәжірибелі маман, ұл-қыздарына бақытты ана, немерелеріне өнегелі әже болып отыр. Егіздер 10 ағайынды. Әкелері етікші, ал аналары үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Осы кезде “Әулетінде бір дәрігер жоқ, кімге қарап үлгі алды?” деген сұрақ туындайтыны хақ, әрине. Егіздерге арман сыйлаған ауыл дәрігері – Күләш апай. Олардың айтуынша, әжелері жиі сырқаттанатын болған. Ауыл фельдшерін жиі шақыратын көрінеді. Ал, Күләш апайдың екпелерінен кейін кейуана күндей жарқырап, нұрланып шыға келеді екен. Әжелерінің мұндай шат-шадыман қалпын көрген қос сыңар болашақта адамдарға бақыт, қуаныш сыйлайтын дәрігер болғымыз келеді деп шешіпті. 

Екеуі де 1978 жылы мектепті үздік тәмамдап, армандарын ақиқатқа айналдыру үшін Алматыға келіп, оқуға тапсырады. Назипа Нәкенқызы Асфендияров атындағы Мемлекеттік Медицина институтына балалар факультетіне оқуға түседі. Дегенмен, Анар ханымның арманы бір жылға кеш орындалады. Себебі, ол туу туралы куәлігін өзгерткен. Сөйтіп, құжат тапсырудың сәті түспепті. Әйтсе де, сол бір жыл ішінде бала күнгі арманын сатып кетпей, мақсатына адал болды. Сөйтіп Республикалық Медициналық училищеге оқуға түсіп, акушер атанды. Осылайша, егіздер кәсіби білім алып, дипломдарын құшақтап, алғашқы еңбек жолын Қызыл шекара ауылында бастайды. 1990 жылдары жылу, жарық тапшылығы жоғары болғандықтан, ауруханада жұмыс істеу біршама қиындық әкелгенін егіздер де жасырмайды. Дәрі-дәрмек дефициті тағы бар. Дәрігерлер жетіспеушілігі белең алып тұрған кезеңнен де өткен. Тіпті бір жыл жалақы алмай да, елге қызмет еткен күндері де жоқ емес. Осындай қысың-таяң шақтарда қолын бір сілтеп кетіп қалмай, жұмыстарына адал болған. Міне, бұл – өз арманың мен таңдауыңа деген ерекше махаббат, қалтқысыз адалдық. 

Егіздердің мамандығы балалармен тығыз байланысты. Бірі қаншама сәбиге дүние дидарын тануға көмектессе, екіншісі кез келген баланың денсаулығына жауапты. Нәзипа Нәкенқызының сөзінше, тілі шықпаған бүлдіршінмен де, есейген жасөспіріммен де жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары бар. Себебі, дәрігерге әрбір баланың еркелігін көтеріп, кірпияздығына шыдауға тура келеді. Өйткені, бұл – оның негізгі жұмысы әрі өмірлік ұстанымы. Дегенмен, «Әрбір сәбиден мейірімділікті, шынайылықты, тазалықты үйрендім», - дейді Назипа Нәкенқызы. Ал, Анар ханым қаншама бөбектің шыр етіп дүниеге келген сәтін өз көзімен көріп, көптеген әйелдің қуанышты шағында жандарында болғаны үшін өзін бақытты дәрігер деп санайды. 

«Еңбекқорлық, шапшаңдық, адалдық, төзімділік, қайраттылық – әрбір акушердің бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттер», - дейді ол. Акушерлер әйел толғатып, перзентін аман-есен бауырына басам дегенше жандарын шүберекке түйіп отыратын көрінеді. «Ана қанша сағат қиналса, біз де онымен бірге қосыла толғатқандай күй кешеміз», - дейді Анар Рақымбайқызы. Жұмыс уақыты жетіп, перзентханаға кіргеннен бастап, өз отбасының жай-күйін ұмытып кететін кездері де болады екен. Бөбекті босандырып алу бір бөлек, одан кейінгі ана мен бала күтімі тағы бар. «40 жылдық тәжірибемде миллионнан аса балақайдың кіндігін кестім» - дейді ол. Әрине, бұл естеліктерден дәрігердің әрбір науқастың жағдайына өз өміріне алаңдағандай аласұратынын байқаймыз. 

Коронавирус індеті кезінде апалы-сіңілі егіздер өз мамандықтарына деген адалдығын тағы бір дәлелдеді. Ауру өршіп, медицина қызметкерлеріне үлкен салмақ түскен шақта, олар күн-түн демей алдыңғы шепте еңбек етті. Анар Рақымбайқызы мыңдаған ананың аман-есен босануына жағдай жасап, жаңа өмірдің басталуына себепкер болды. Ал, Назипа Нәкенқызы сырқаттанған балалардың сауығып кетуі үшін күресті. Карантиндік шектеулерге, қауіптің жоғары болуына қарамастан, олар жұмысын тоқтатпады. Қорғаныс киімдерін шешуге уақыт таппай, кейде жақындарын көрместен бірнеше апта бойы ауруханада қалуға тура келді. «Бұл – біздің мамандығымыз, біздің жауапкершілігіміз. Қанша қиын болса да, бізге сеніп келген жандарды жалғыз қалдыруға дәтіміз жібермейді» – дейді Назипа Нәкенқызы. Осындай жанкешті еңбектің арқасында талай жанның өмірі сақталып, қаншама бала жарық дүние есігін ашты. Бұл – егіздер үшін жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия еді.

Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Медицина – тек ғылым емес, бұл адамзатқа жаңа өмір сыйлайтын, үмітін қайта жандыратын, ал кейде тағдырын өзгертіп, ғұмырын ұзартатын ерекше сала. Анар мен Назипа ханымдардың 40 жылдық қажырлы еңбегі – осы мамандыққа деген адалдықтың, адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі. Дәрігер болу – ақ халатты киіп, науқастарды емдеу ғана емес, бұл – күн сайын жан мен тәннің саулығы үшін күресу, әрбір сәтте жауапкершілікті сезіну. Егіздер осы ауыр да ардақты жолды таңдап, саналы ғұмырын медицинаға арнады.

. «Қайта туылсақ, осы мамандықты қайтадан еш ойланбастан таңдар едік», - дейді, апалы-сіңілілер. Олар үшін бұл мамандық жай ғана кәсіп емес, бұл – өмірлік миссия. Олар тіпті алғашқы пациенттерін де әлі күнге дейін жатқа біледі. Өзгенің өмірін өз тағдырымен тең көрген егіздер үшін ешқандай жалақы да, атақ-абырой да маңызды емес. Олардың арман-тілегі бір: науқастардың денсаулығы. Қазіргі қоғамда медицина саласы күн сайын дамып, жаңа технологиялар енгізіліп жатса да, ең басты құндылық – дәрігердің жүрек жылуы мен жанашырлығы. Себебі, адам өміріне араша түсу – тек біліктілікті ғана емес, шынайы жанашырлық пен мейірімділікті талап ететін ұлы міндет. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмауы тиіс. Өйткені, олар – әрбір сәбидің жарық дүниеге аман-есен келуіне себепкер, әр науқастың сауығып кетуіне күш салатын қоғамның тірегі. Анар мен Назипа ханымдардың өмір жолы – медицинаға адал қызмет етудің, өз мамандығына деген сүйіспеншіліктің айрықша дәлелі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар